АҚШ Венесуэла маңында есірткі тиеген кемеге оқ атты
АСТАНА. KAZINFORM - Америка Құрама штаттары есірткі тасымалдады деген күдікпен Венесуэла маңындағы жағалауда кемеге оқ жаудырды. Бұл туралы Ақ үйде журналистермен болған кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамп мәлім етті, деп жазады ресейлік ТАСС.

- Бірнеше минут бұрын ғана біз мол көлемде есірткі тиелген кемеге оқ аттық, - деді ол кеменің істен шыққанын қосып.
Алайда ол болған оқиғаның бүге-шігесіне дейін айтпады.
19 тамыз күні Reuters агенттігі Пентагондағы дереккөзіне сілтеме жасай отырып, есірткі картельдерімен күреске бағытталған операцияларды жүргізу үшін Кариб бассейнінің оңтүстік бөлігіне, Венесуэла жағалауларына АҚШ теңіз күштерінің 3 эсминецін жібергені туралы ақпарат таратты.
Сонымен қатар атом сүңгуір қайығы мен зымыран крейсері, десант кемелері мен 4,5 мың әскери қызметшінің жіберілгені хабарланды.
The New York Times басылымының жазуынша, Трамп латынамерикалық есірткі картельдеріне қарсы әскери күшті қолдану директивасына құпия түрде қол қойған.
Вашингтон Венесуэла президенті Николас Мадуроны Cartel de los Soles есірткі картеліне қатысы бар деп айыптап отыр. Ал Каракас мұндай картельдің бар екенін жоққа шығарды.
Осыған дейін АҚШ Венесуэладағы теңіз күштерін күшейтетіні туралы жаздық.