АҚШ Венесуэлаға мұнай саудасын жүргізуге бір шартпен ғана рұқсат береді
АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэлаға энергетикалық ресурстарды сатуға тек ел билігі АҚШ-тың мүддесіне сай әрекет еткен жағдайда ғана рұқсат беріледі, деп хабарлайды ТАСС.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Fox News телеарнасына берген сұхбатында Вашингтонның ұстанымын ашық айтты.
– Біз энергетикалық ресурстарды бақылап отырмыз және Венесуэладағы режимге мынаны ескертеміз: мұнайды тек АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сай келген жағдайда ғана сатуға рұқсат етіледі. Егер бұл талап орындалмаса, мұнай сатуға тыйым салынады, – деді ол.
Бұған дейін Венесуэла АҚШ-қа 30-50 млн баррель мұнай жеткізетіні хабарланған болатын. АҚШ президенті Дональд Трамп мұнай нарықтық бағамен сатылатынын, ал қаржыны бақылау америкалық тараптың қолында болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаражат Венесуэла халқы мен Америка Құрама Штаттарының игілігіне жұмсалуы тиіс.
Президент аталған жоспарды іске асыруды АҚШ энергетика министрі Крис Райтқа дереу бастауды тапсырған. Трамптың сөзінше, мұнай қойма ретінде пайдаланылатын танкерлер арқылы тікелей АҚШ-тағы түсіру айлақтарына жеткізіледі.
Сондай-ақ АҚШ Венесуэламен байланысты екі танкерді тәркілегені белгілі болды.