АҚШ Венесуэламен әскери серіктестігін нығайтпақ

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Венесуэлаға барып, президенттің міндетін атқарушы Делси Родригеспен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасай отырып.

АҚШ Венесуэламен әскери серіктестігін нығайтпақ
Фото: nbcnews.com

Хегсет Венесуэламен жаңа әскери серіктестік орнатылатынын мәлімдеді. Елдер арасындағы ынтымақтастық туралы келісім АҚШ-қа Венесуэла әскери қызметшілерін оқытуға мүмкіндік береді.

— Боливар ұлттық қарулы күштеріміздің дайындығын одан әрі күшейту, олардың жабдықталуын жақсарту және жаңа технологияларға қол жеткізуді жеңілдету мүмкіндігі біздің армиямыз үшін өте пайдалы, — деді Делси Родригес.

Хегсет екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықты тереңдетуге және есірткі саудасымен күресу үшін бірлесіп жұмыс істеуге үміттенетінін айтты.

— Біз қорғаныс саласындағы серіктестікті қалпына келтіруді және екі ұлы армияның бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, — деді Пит Хегсет.

Трамп әкімшілігі Родригес үкіметімен жасалған энергетикалық келісімнің шарттарына сәйкес Венесуэла мұнайын сатудан түскен пайданың 12 миллиард долларын немесе 99%-ын осы елге қайтарғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Трамп АҚШ пен Венесуэла арасында «тарихи» мұнай келісімі жасалғанын мәлімдеген еді.