Трамп АҚШ пен Венесуэла арасында «тарихи» мұнай келісімі жасалғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Президенті Дональд Трамп Венесуэламен елдің дәлелденген мұнай қорының 65 млрд баррелінен астамын бақылауға алу жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдедідеп хабарлайды ВВС.

мұнай
Фото: 1prime.ru

– Бұл тарихи келісім Американың мұнай қорын екі еседен астам арттырып, мұнай жеткізілімін едәуір ұлғайтады және барлық америкалық үшін бензин бағасын айтарлықтай төмендетеді, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Биыл жыл басында Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро ұсталғаннан кейін Трамп әлемдегі ең ірі саналатын Венесуэланың мұнай қорын пайдалануға уәде берген еді. Соңғы уақытта АҚШ президентіне ел ішіндегі бензин бағасын төмендетуге қатысты қысым күшейген.

Мемлекеттік хатшы Марко Рубио келісімді «Америка және Венесуэла халқы үшін үлкен жеңіс» деп атады. Әзірге келісімнің егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

– Венесуэла халқы үшін бұл келісім шамамен 100 млрд доллар көлемінде жеке инвестиция тартып, жалақысы жоғары мыңдаған жұмыс орнын құруға және Венесуэла экономикасын қалпына келтіруге ықпал етеді, – деп жазды Рубио әлеуметтік желіде.

Трамптың айтуынша, Рубио мен қорғаныс министрі Пит Хегсет Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригеспен «жеке бизнеспен әріптестік аясында» келісімге келген.

Ол әріптестіктің егжей-тегжейін, сондай-ақ келісім аясында АҚШ мойнына алуы мүмкін міндеттемелер мен шарттарды нақтыламады. Алайда келісімге «америкалық салық төлеушілер үшін ешқандай шығынсыз» қол жеткізілгенін айтты.

Бұл мәлімдемеге әзірге көпшілік алдында пікір білдірмеген Родригес жеке бірлескен кәсіпорынға 63 млрд баррель мұнай қоры бар кен орындарын игеруге 100 жылдық концессия берген. Бұл туралы АҚШ өкілі BBC-дің АҚШ-тағы медиасеріктесі CBS телеарнасына хабарлады.

Шенеуніктің айтуынша, бұл кәсіпорын – «АҚШ үкіметі мен Венесуэлада тәжірибесі бар жеке оператордың бірлескен жобасы».

Оның сөзінше, АҚШ үкіметі кәсіпорындағы үлесі мен мұнайды өзіндік құнымен өндіру құқығын қоса есептегенде, 55% бақылауды өзінде сақтайды.

Айта кетейік, Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес биыл 3 қаңтарда Трамптың санкциясымен жүргізілген әскери операция барысында қолға түскен еді.