АҚШ Йемендегі хуситтердің нысандарына тағы бір рет соққы берді
Сәрсенбі күні АҚШ йемендік хуситтердің нысаналарына шабуылды жалғастырды, бұл Иранмен одақтас хусит содырларының Қызыл теңіз бен Аден шығанағындағы кемелерге жасаған шабуылдарына жауап болды, деп жазады «Америка дауысы» радиосы.
Хуситтердің шабуылдары Азия мен Еуропа арасындағы сауданы бәсеңдетіп, ірі державалар арасында үрей тудырды.
Йеменнің көп бөлігін бақылайтын хуситтердің мәлімдеуінше, олар Газа секторындағы палестиналықтармен ынтымақтаса әрекет етіп, өткен аптада АҚШ пен Ұлыбританияның шабуылдарына жауап ретінде нысаналар тізімін кеңейтіп, оған америкалық кемелерді қосамыз деп қорқытты.
Осыған дейін АҚШ әскерилері Йемендегі хусит көтерісшілерінің бақылауындағы ауданнан жіберіліп, Аден шығанағындағы АҚШ-қа тиесілі кемені атқылаған ұшқышсыз ұшатын аппарат туралы айтты.
Шабуыл салдарынан зардап шеккендер жоқ. Тек аздаған зақым келгені туралы хабарланды.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, зақым келген кеме «АҚШ-қа тиесілі және басқарылатын Маршалл аралдарының жалауымен жүзіп жүрген жүк тасымалдаушы» Genco Picardy болды.
Құрама Штаттар сәрсенбіде хуситтерді лаңкестік топтар тізіміне қайтарды, бұған содырлардың осы аптада Қызыл теңіз аймағындағы америкалық кемеге тағы бір шабуыл жасады деп мәлімдеуі де себеп болған.
Еске сала кетсек, АҚШ пен Ұлыбританияның әуе және әскери кемелері жұмаға қараған түні Йемендегі көтерілісші хуситтер тобына соққы жасай бастады.
Хуситтердің кім екені және Израильге бет алған кемелерге неліктен шабуыл жасайтыны туралы біз бұрын жазғанбыз.
Жапондық ірі кеме компаниялары аймақтағы жағдайдың нашарлауына байланысты Қызыл теңіз арқылы тасымалдауды толығымен тоқтатып отыр.