Йемен хуситтері. Қызыл теңіздегі «қарақшылар» жайлы не білеміз

хуситтер
Фото: Хуситтер Қызыл теңізде Galaxy Leader кемесіне шабуыл жасады, 2023 жылғы 20 қараша/ дереккөз – қозғалыстың әлеуметтік желісі

Кейінгі бірнеше айда Қызыл теңіздегі жүк кемелеріне жасалған шабуыл тоқтамай отыр, соның салдарынан әлемнің ірі жүк тасымалдау компаниялары осы аймаққа бас сұқпай, Қайырымды Үміт мүйісі арқылы Африка құрлығын айналып өтуге мәжбүр болды. Өңірдегі тыныштықты бұзған Йемендегі қарулы топ – хуситтер. Хуситтер деген кімдер, олар кіммен күресіп жатыр және топқа кім қолдау білдіріп отыр? Kazinform тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Неліктен хуситтер Израильге бағыт алған кемелерге шабуыл жасап жатыр?

Кемелерге шабуыл жасау былтырғы қарашада Газа секторында Израиль мен палестиналық ХАМАС тобы арасындағы қақтығыстан кейін басталды. Хуситтер Палестина мен ХАМАС-ты қолдайтынын және Израильге бағыт алған кез келген кемеге шабуыл жасайтынын мәлімдеді.

Қарашада олар Багам аралдарының Galaxy Leader жүк кемесін ұстап алды. Одан кейін Йемен жағалауы маңында жүзіп жүрген кемелерді дрон және баллистикалық зымыранмен атқылады.

Mediterranean Shipping Company, Maersk, Hapag-Lloyd секілді ірі жүк тасымалдау компаниялары мен British Petroleum мұнай компаниясы енді Қызыл теңіз арқылы жүрмейтінін мәлімдеді. Оның орнына Еуропаға жету үшін барлығы Африканы айналып жүруге мәжбүр болды.

инфографика
Инфографика: thecradle

 

Хуситтердің шабуылына жауап ретінде АҚШ кемелерді қорғау мақсатында халықаралық әскери-теңіз операциясын өткізу жөнінде бастама көтерді. Оған Ұлыбритания, Канада, Франция, Бахрейн, Норвегия және Испания сияқты елдер қосылды. Вашингтон Қызыл теңіздегі шабуылдарға Иранның қатысы бар деп айыптады.

Хуситтер деген кімдер?

Хуситтер — Йемендегі шиит-заидиттердің қарулы тобы, оларды «Ансар Аллах» (Алланың жақтастары) деп те атайды. Топтың атауы қозғалыстың негізін салушы Хусейн әл-Хусидің есімімен байланысты.

Заидиттер ғасырлар бойы Йеменде билік құрып келді. Бірақ 1962 жылы азаматтық соғыстан кейін билік басына келген сунниттер кезінде олар маргиналды топқа айнала бастады. «Әл-Хуси» қозғалысы заидиттер мүддесін қорғап, суннизм радикалдары, әсіресе Сауд Арабиясынан келген ваххабиттерге қарсы тұру үшін құрылды. Оның мүшелері хуситтер деп атала бастады.

Бірқатар саяси сарапшының пікірінше, хуситтер 1990-жылдары сол кездегі ел президенті Әли Абдалла Салехтің жемқорлығымен күресу үшін құрылған. 2003 жылы президент Салех Сауд Арабиясы қарулы күштерінің көмегімен хуситтердің көзін жоймақ болды, алайда ол ойы іске аспады.

Хуситтер 2011 жылғы Йемен революциясына қатысты. Соның нәтижесінде Салех билікті вице-президент Абд-Раббу Мансур Хадиге беруге келісті.

2014 жылдан бері хуситтер Йемен үкіметіне қарсы азаматтық соғыс жүргізді. Хади Сауд Арабиясына қашты, 2015 жылы оның өтінішімен саудиттер хуситтерге қарсы соғыс ашты. Сол кезде үкімет жасағын Сауд Арабиясы мен БАӘ бастаған араб елдерінің коалициясы қолдады.

Басында тез арада аяқталады деп саналған операция ұзаққа созылып, тек 2022 жылы ғана оқ атуды тоқтату туралы келісімге қол қойылды. Соғыс 9 жылға созылды. БҰҰ мәліметінше, соғыс салдарынан 377 мың адам көз жұмып, 4 млн астам адам қоныс аударуға мәжбүр болған.

2015 жылы хуситтер Йемен астанасы Сана қаласын басып алып, Революциялық кеңес құрды. Іс жүзінде осы ұйым Йеменді басқарып келеді.

Бүгінде Йемен халқының басым бөлігі хуситтер бақылауындағы аумақта тұрады. Хуситтер Сана мен елдің солтүстігін, сондай-ақ Қызыл теңіз жағалауын бақылауда ұстап отыр.

хуситтер
Фото: Osamah Yahya/EPA-EFE/Shutterstock

 

Иран – басты одақтас

Хуситтер өздерін Иран басшылық ететін Израильге қарсыласу желісінің бір бөлігі деп санайды. Оған сонымен бірге ХАМАС пен ливандық «Хезболла» қозғалысы да кіреді.

Хуситтер Таяу Шығыстағы басқа шииттік қарулы топтарға қарағанда идеологиялық тұрғыдан Иранға соншалықты жақын болмағанымен, Сауд Арабиясына қарсы 9 жылдық соғыс нәтижесінде Ислам республикасына қарай біршама қадам жасады.

хуситтер
Фото: Хуситтер 2023 жылғы Йемендегі парадта әскери қуатын паш етуде/ IranObserver

 

Хуситтер Иранды басты одақтасы деп санайды, өйткені екеуі үшін де Сауд Арабиясы - ортақ жау. Иран хуситтерге қару-жарақ жеткізіп отыр деген айыптар жиі айтылады.

Ал Иран Қызыл теңіздегі хуситтердің шабуылына өздерінің қатысы барын мойындамайды.

АҚШ пен Сауд Арабиясының пікірінше, Иран хуситтерге баллистикалық зымыран берген, соның салдарынан қарулы топ 2017 жылы Эр-Риядқа шабуыл жасаған еді. Иран бұл қаруды да, дрондар мен аз қашықтыққа ұшатын зымырандарды да бермегенін айтып отыр.

АҚШ пенБритания хуситтерге шабуыл жасады

АҚШ пен Ұлыбританияның әуе күштері мен әскери кемелері Йемендегі хуситтерге қарсы шабуыл жасады. Таяу Шығыс баспасөзінің жазуынша, Ходейда порты мен Сананың халықаралық әуежайын атқылаған.

Дегенмен шабуылға дейін хуситтер АҚШ-тан қорықпайтынын мәлімдеген болатын.

- Америкалықтар мен британдықтардың қоқан-лоққысынан қорықпаймыз, біздің борышымыз - Газадағы бауырларымызды қолдаудан бас тартуға мәжбүрлей алмайды, — деп жазды хуситтердің басшыларының бірі Абдулкадер әл-Мортада әлеуметтік желіде.

Соңғы жаңалықтар
telegram