АҚШ, Жапония, Ұлыбританияда шығарылған дәрілер неше күнде тіркеледі – ДСМ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бұдан кейін кейбір елдерден келетін дәрі-дәрмектер біздің елде аз уақытта тіркелетінін айтты.

Спикер қолданыстағы ережелерге сай дәрі-дәрмектердің Қазақстан аумағына енуі ұзақ уақыт алатынын атап өтті.
– Қазақстан аумағында дәрі-дәрмектің айналымға енуі үшін орта есеппен 2 жылдан 5 жылға дейін уақыт қажет, - деді Ержан Нұрлыбаев ОКҚ алаңында.
Министрлік бұл процесті жеңілдетуді жоспарлап отыр. Спикердің айтуынша, ол үшін алдымен «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қызмет көрсету жүйесі іске қосылады. Содан соң шетелдік дәрі-дәрмектерді елімізде 100 күн ішінде тіркеу мүмкін болады.
Одан бөлек, вице-министр кейбір елдерден дәрілік заттарды бар-жоғы жарты ай ішінде тіркеу мүмкін болатынын айтты.
– Бізде реттеуші жүйесі дамыған елдер бар. Осыны ескере отырып ЕО елдері, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания сынды тізімге енгізілген елдерде өндірілетін дәрі-дәрмектерді жеделдетілген тәртіппен тіркеу қарастырылып жатыр. Аталған елдерден келетін дәрі-дәрмектерді 15 жұмыс күні ішінде тіркеу жоспарланып отыр, - деп қорытындылады Ержан Нұрлыбаев.
Бұған дейн ел азаматтары тегін алатын дәрілер тізбегі кеңейтілгенін жазған едік. Сондай-ақ елімізде дәрі-дәрмектің бағасы 30 пайыз арзандайтыны белгілі болды.