АҚШ Жоғарғы соты Трампқа 500 мың мигрантты депортациялауға рұқсат берді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың әкімшілігіне Венесуэла, Гаити, Куба және Никарагуа елдерінен келген 500 мыңнан астам иммигрантқа заңды мәртебе беруден бас тартуға рұқсат берді, деп хабарлайды ТАСС.

Бұл мәртебе аталған адамдарға АҚШ аумағында заңды түрде болуға мүмкіндік беретін, делінген Жоғарғы соттың қаулысында.
Құжатта Жоғарғы сот АҚШ атқарушы билігінің осы бағдарламаны тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырғаны айтылған. Аталған бағдарлама 46-президент Джо Байденнің әкімшілігі кезінде іске қосылған еді.
Бұған дейін төменгі инстанция соттары АҚШ билігінің 532 мың мигрантқа берілген заңды мәртебені жою әрекетін қабылдамай қойған. Ол кезде соттар АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі әрбір жеке істі жекелей талдап, қажет тексеріс жүргізбеді деп есептеген. Алайда Жоғарғы соттың шешімі Ауғанстан мен Украина сияқты басқа елдердің азаматтарына берілген мәртебеге әсер етпейді.
Венесуэла, Гаити, Куба және Никарагуадан келген мигранттар алдын ала АҚШ-қа кіру үшін өтініш беріп, екі жылға дейін жұмыс істеуге рұқсат ала алатын. Ол үшін АҚШ-та кепілгер табуы керек болатын. Бұл бағдарламаны Республикалық партия өкілдері қатты сынға алған.
Бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты Венесуэладан келген мигранттарды депортациялауды уақытша тоқтатқаны хабарланды.