АҚШ Жоғарғы соты Венесуэладан келген мигранттарды депортациялауды уақытша тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл шешім азаматтық бостандықтарды қорғау одағының өтініші негізінде қабылданды, деп жазды Анадолы.

АҚШ Жоғарғы соты Венесуэладан келген мигранттарды депортациялауды уақытша шегеріп қойды. Бұл мигранттарды АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың әкімшілігі «Шетелдік жаулар туралы заңға» сүйене отырып елден шығармақ болған.
Washington Post басылымының хабарлауынша, Америкалық азаматтық бостандықтарды қорғау одағы (ACLU) Жоғарғы сотқа жүгініп, кемінде 30 венесуэлалықты депортациялау әрекетін тоқтатуды сұраған.
Сот шешімінде: «Аталған топқа жататын, қамауда отырған бірде-бір адам соттың келесі бұйрығына дейін АҚШ-тан шығарылмайды», – деп көрсетілген.
Бандаларды депортациялау
Трамп әкімшілігі Латын Америкасындағы ең қауіпті қылмыстық топтар қатарына жататын «MS-13» пен Венесуэланың «Tren de Aragua» бандаларын «шетелдік террористік ұйымдар» тізіміне енгізіп, олардың кейбір мүшелерін Сальвадорға депортациялаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп заңсыз миграциямен күресу аясында бұрын тек соғыс жағдайында қолданылған «Шетелдік жаулар туралы заңды» іске қосты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп елден ерікті түрде кеткісі келетін заңсыз мигранттарға қаржылай көмек пен ұшақ билетін ұсынғанын жазған болатынбыз.