Ақша бар, береке жоқ: қазақстандықтар неге табысын тиімді жұмсай алмайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың басым бөлігі тапқан ақшасын қалай дұрыс жарату керегін білмейді. «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген қаржыгерлер дәл осылай дейді.

Ақшаны дұрыс жұмсаудың жолдары қандай? Дәулетіңді арттыру үшін не істеу керек? Студия қонағы жауап берді.
– Адамдардың табысы артты деген сөз – оның байлығы, дәулеті артты дегенді білдірмейді. Табысы артқан адамның шығыны да артады. Сондықтан адамдар өзінің көбейген табысы немесе күнделікті тауып жатқан ақшасының басын құрап, берекесін келтіру үшін қаржылай сауатты болу керек. Қаржылай сауат болмаған соң көп адамның табысы көп болса да, жетпей қалады. Адамдар өз ақшасын санамайды. Мысалы, күнделікті тойға, азық-түлікке не өзге дүниелерге кетеді. Бірақ оны алдын ала жоспарламаймыз немесе аптасына кемі бір рет «осы ақшам қайда кетіп жатыр?» деп мүлде ойланбаймыз. Әдетте адамдар «маған ақша түседі, мен оны табиғи түрде бөліп жеткізіп отырамын» деп ойлайды. Ең үлкен қателік – осы жоспардың жоқтығы, - дейді қаржыгер Еркебұлан Әріпбай.

Қаржыгер табысты тиімді жұмсау үшін қандай тәсілдерді пайдалану керегін түсіндірді.
– Ең бірінші кез келген адамның есеп-қисабы болу керек. Есебін білмеген дүниені басқару мүмкін емес. Ақша жинау үшін тиімді тәсілді іздестірудің қажеті жоқ. Бастапқыда осы әдетті қалыптастыруға ең оңай әдісті таңдау керек. Себебі, көбісі акция мен облигацияны түсінбейді. Сол үшін бастауға қорқады. Сондықтан адам өзіне түсінікті тәсілді жасауы керек. Ай сайын 200 мың теңге тапсаңыз, 20 мың теңгесін долларға ауыстырып, үйіңізге қағаз күйінде қойып қоясыз. Одан кейін кішкене үйреніп жатсақ, әртүрлі банктерде жинақтаушы депозиттерді ашып, соған жинаймыз. Одан ақшаны шығарсақ, пайызы күйіп кетеді. Сол пайызын жоғалтып алудан қорқады да, ақшаны жинай береді. Ақша жинауды осы тәсілдерден де бастауға болады. Кейін ақшаңыз көбейсе, алтын сатып алыңыз. Қазақстанда байлығын алтынмен жинайтындар өте көп. Солай ақша жинауды бастауға болады, - дейді маман.
Әлеуметтік желіде ақша жинаудың түрлі әдістері айтылады. Бірақ олар көпшіліктің бәріне бірдей тиімді бола бермейтін көрінеді.
– Кез келген теориялық модель әрбір адамға жеке-жеке әсер етеді. Бірақ зерттеулерге сүйенсек, қазіргі өмір салтымызда жұмсайтын ақшамыздың 17%-ын қысқартсақ, біздің өмір сүру деңгейімізде ештеңе өзгермейді. Демек бұл – біз артық шығын шығарамыз дегенді білдіреді. Яғни, біздің қолымызға ақша түссе, оның 17%-ын өмірімізге ешқандай зиян тигізбей жинай аламыз. Кейбіреулер «менің ақшам онсыз да жетпей жатыр, қалай жинаймын?» деп айтып жатады. Менің ойымша, 160 мың теңге жетпеген адамға 400 мың теңге де тура солай жетпей жүреді. Одан да сол ақшаның 40 мың теңгесін алып, сақтап қою керек, - дейді қаржыгер.
Маман баю үшін нақты қандай қадамдар жасау керегін айтты.
– Адам баю үшін нақты қаржылық мақсат қою керек. Ал мақсат – мақсат қою жүйесіне сәйкес келу керек. Мысалы, біреу 5 жылда 10 млн теңге жинағысы келетінін айтады. Байлық деген – жалпылама, түсініксіз сөз. Ал 10 млн десеңіз, бұл нақты мақсатқа айналады. Одан кейін уақытты да шектеу керек. Өзіңіздің мақсатыңызға берген уақытыңыз өтірік болмау керек. Мысалы, мен айына 200 мың теңге тауып жүріп, 1 жылда 10 млн теңге жинаймын десем, бұл өтірік болып кетеді. Мен оған сенбеймін, сенбеген соң жасамаймын. Сол себепті мақсатыңызды орындау үшін өзіңізге берген уақытыңыз сәйкес келуі керек. Соған қарай бізге күнделікті не істеу керектігі түсінікті болады. Қарапайым, аз айлықпен сондай үлкен көлемдегі ақшаны жинауға бола ма? Әрине, мүмкін. Ол үшін қолдануға болатын әдіс-тәсілдер өте көп. Адамға өмір салтын бірден өзгерту қиын. Ол – өте үлкен стресс. Сол стресстерді азырақ жасау керек. Яғни, ақша жинауды бастағанда бірден қиын тәсілдерді пайдаланбай, қарапайымнан бастау керек. Қадам-қадаммен, ақырын-ақырын жүру қажет, - дейді ол.

Ал бағдарламаға онлайн байланысқа шығып, пікір білдірген Әсел Жарасқалиқызы ақша жинау үшін адамда несие болмауы керек дейді.
– Қаржылық сауаттылық дегеніміз – бұл дүйсенбіден бастап арықтау емес. Бұл – күнделікті ақшаға қатысты қабылдаған шешімдеріңіз. Мен өзім 20 жыл бойы банк саласында жұмыс істедім. Алдымен несие дегеніміз не? Ол – мақсатсыз кез келген уақытта 47 пайызға дейін біреуден қарызға ақша алуды оңай көру. Жалпы Қазақстанда, өкінішке қарай, несие төлеу мәдениеті бар да, ақша жинау мәдениеті жоқ. Егер басыңызда қандай да бір жоғары пайызды несие бар болса, ақша жинағаннан көрі, сізге несиеңізді жабуға әрекет ету керек. Несие деген – сіздің қалтаңыздың тесік болуы. Сіз қанша ақша тапсаңыз да, тесік қалтаңыздан ол ақша үнемі түсіп қалып тұрады, - дейді қаржыгер.
Маманның айтуынша, қазақстандықтардың басым бөлігі несиені көлік алу үшін пайдаланады екен.
– Біздің тұрғындар тұтынушылық несиеден автонесие, той жасау, үйдің ішін әрлеу сынды дүниелерге несиені көп алады. Қазақта «Алтыдан бастап жинасаң – асады, жетіден бастап жинасаң – жетеді» дейді. Балалы отбасылар ай сайын 10 мың теңге болса да жинап отырғаны абзал. Біз кез келген баланың тойына, оқуына есеппен келсек – сол дұрысырақ. Біздің халық бәрін біледі. Бірақ білу мен істеу – екі түрлі нәрсе, - дейді Әсел Жарасқалиқызы.
Айта кетейік, биыл жеңілдетілген несие беру бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілді.