Ақша жетпесе, басып шығарыңыздар: Ұлттық банк депутаттар ұсынысына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлтты банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауапта ауыл шаруашылығын қолдау үшін қамсыздандырылмаған ақша басып шығару неге мүмкін емес екенін түсіндірді.

— Орталық банктің «ақша басып шығарудың» мақсаттары мен көлемдеріне қарамастан экономиканы ынталандыруы — тікелей теріс салдары бар экономикалық шара. Оның салдарынан инфляциялық процестер өрістейді. Бұл баға тұрақтылығын сақтауға қайшы келеді. Көптеген елдің эконометрикалық модельдері мен практикалық тәжірибесі қамсыздандырылмаған эмиссияның экономикалық өсуге теріс әсер ететіндігін айқын көрсетеді. Яғни, «ақшаны басып шығару» Үкімет пен Ұлттық Банктің макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылық жолындағы барлық іс-әрекеттері мен қол жеткізген прогресін жойып жіберуі мүмкін, — деген Ұлттық банк басшысы халықаралық тәжірибеден Венесуэла мен Зимбабвенің оқиғасын мысалға келтірген.
Бұл елдерде бюджет тапшылығын жабу үшін орталық банктер қосымша ақша массасын басып шығарып, салдарынан миллиондаған пайыздық инфляциялар тіркелген болатын.
— Экономиканың кез келген басқа сегменті сияқты ауыл шаруашылығын қаржыландыру үшін ұсынылып отырған нысаналық эмиссия мүмкін емес. Ақша сектор ішінде қалмай, ұсыныс пен өндіріс көлемі арасындағы теңгерімсіздікті тудырып, экономиканың барлық басқа секторларына енеді. Бұл өз кезегінде инфляциялық процестердің өсуіне және ұлттық валютаның сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Бұл процестер халықтың ең осал топтарына әсер етеді, өйткені инфляция барлығына ықпал етіп, табыс неғұрлым төмен болса, онымен күресу соғұрлым қиын болады. Сондықтан инфляция «кедейлерге салынатын салық» деп аталады, — деп жазады Тиму Сүлейменов.
Өткен аптада Ұлттық Банк Басқармасы валюталық реттеу мәселелеріне қатысты өзгерістерді бекіткен еді.