Ақша жымқырған «Таза Өскемен» кәсіпорны басшыларының жазасы 7 жылға ұзартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшылары мен кәсіпкерге бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша тағайындалған жазаны қатаңдатты.
Шілде айында бірінші сатыдағы сот айыпталушыларды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, кәсіпорынның бұрынғы директоры Асхат Тәженовті 6 жылға, оның орынбасары Ардақ Әбділдиновті 5 жыл 6 айға, ал кәсіпкер Игорь Федосовты 5 жылға бас бостандығынан айырған болатын.
Апелляциялық сот бұл үкімнің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды. Нәтижесінде үшеуіне де 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жаза мерзімінің ұлғаюына айыптау бабының өзгеруі себеп болған. Сот коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның бұрынғы басшыларының әрекетін сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе ысырап ету деп бағалады. Ал кәсіпкер қылмысқа көмектесуші ретінде танылды.
— Кәсіпорын жыл сайын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен Өскемен көшелері мен жолдарын күтіп ұстау бойынша 1,5 млрд теңгеден астам сомаға келісімшарттар жасасқан. Осы жұмыстар аясында басшылар кәсіпкердің бақылауындағы фирмалармен тоғыз жалған келісімшарт жасасуды ұйымдастырған. Құжаттарда құм, жол битумы және басқа да материалдарды жеткізу, сондай-ақ қызметтер көрсету қарастырылған. Алайда тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген, ал жұмыстар орындалмаған. Қаражат шоттарға аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған және сотталушылар арасында бөлінген. Жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 61,1 млн теңгені құрады, — деп хабарлады ШҚО сотының баспасөз қызметінен.
Айыпталушылардың үшеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Еске салсақ, осыған дейін Қызылорда облысында балабақша есепшісі 21,5 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінгені хабарланған.