АҚШ‑тағы иммиграциялық рейдтен кейін Оңтүстік Кореяға 316 адам оралды
АСТАНА. KAZINFORM — Жалпы саны 316 жұмысшы өткен аптада АҚШ-тағы иммиграциялық рейд кезінде ұсталып, Оңтүстік Кореяға оралды. Бұл туралы жұма күні жергілікті телеарна хабарлады, деп жазады Синьхуа.

Аталған жұмысшылар мен басқа 14 шетелдік адамнан құралған чартерлік ұшақ елдің астанасы Сеулдің батысында орналасқан Инчхон халықаралық әуежайына жергілікті уақыт бойынша шамамен 15:23‑те (Гринвич бойынша 06:23) қонды.
Ұшақ Атланта қаласындағы Хартсфилд‑Джексон халықаралық әуежайынан шамамен 15 сағат бұрын ұшып шыққан.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қыркүйекте АҚШ-та Hyundai Motor Group пен LG Energy Solution бірлескен кәсіпорнына тиесілі электромобиль аккумуляторларын өндіретін зауыттың құрылыс алаңында иммиграциялық және кедендік бақылау органдары операция өткізді.
Операция кезінде 475 адам ұсталды, оның ішінде 300‑ден астам оңтүстіккореялық қызметші бар. Олар содан бері Джорджия штатындағы Фолкстондағы арнайы орталығында болды.
Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен бейсенбі күні президенттік қызметтегі 100 күнге арналған баспасөз мәслихатында АҚШ‑тағы инвестицияларға қатысты алаңдаушылығын білдірді.
— Қазіргі жағдайда біздің компаниялар АҚШ‑қа тікелей инвестициялар жасау туралы шешім қабылдағанда өте сақ болады, — деді ол.
Осыған дейін хабарланғандай,
АҚШ-тың Джорджия штатындағы Hyundai зауытында 500-ге жуық адам ұсталғанын жазған едік. Ұсталғандардың көпшілігінің визаларының мерзімі өтіп кеткені немесе ел аумағында заңсыз жүргені анықталған.