Ақсу ферроқорытпа зауыты өндірісті цифрландыру арқылы тиімділікті арттырды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысында өткен баспасөз туры аясында өңірдегі БАҚ өкілдеріне «Қазхром» ТҰК» АҚ құрамындағы Ақсу ферроқорытпа зауытының цифрлық трансформациясы таныстырылды.

Зауытта өндірістік процестерді автоматтандыру мен цифрлық технологияларды енгізу стратегиялық басымдыққа айналған. Қазіргі таңда бұл технологиялар өндірістің қауіпсіздігін, тиімділігін және орнықтылығын арттырып, еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
– Цифрландыру – бұл болашақ емес, бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Зауыттың барлық негізгі өндірістік бөлімшелері шикізат қабылдаудан бастап дайын өнімді жөнелтуге дейін толықтай автоматтандырылған жүйемен жабдықталған, – деді зауыт директоры Мұсабек Мақашев.
Оның айтуынша, 2024 жылы цифрландыруға 1 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Бұл бастама шетелдік шешімдерге тәуелділікті азайтып, отандық технологияларды пайдалануға жол ашады.
Баспасөз туры барысында зауыттың жетекші IT-жобалары да таныстырылды. Солардың бірі – Dispatch – теміржол көлігін басқару жүйесі. Жоба жетекшісі Дмитрий Родыгиннің айтуынша, бұрын вагондардың қозғалысын бақылау Excel кестелері, қағаз және телефон арқылы жүргізілсе, енді веб-қосымша арқылы толық автоматтандырылған.
– Тек Ақсу зауытының өзінде тәулігіне 900-ге жуық вагон қозғалысы тіркеледі. Dispatch жүйесі осы ауқымды операцияны жеңілдетіп, нақты және жедел бақылау жүргізуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Сонымен қатар, зауытта металлургтердің денсаулығын бақылау мақсатында автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесі енгізілген. BTS командасы әзірлеген бұл жоба ауысым алдындағы және кейінгі тексеруді бірнеше минут ішінде өткізуді қамтамасыз етеді.
Бүгінде зауыттың үш бөлімшесіне 19 аппарат орнатылған. 2026 жылға дейін бұл жүйе барлық цехтарды қамтитын болады. Бұл – ERG компаниясының қызметкерлер денсаулығы мен қауіпсіздігін басты орынға қоятындығының айқын дәлелі.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасып жатыр.