Ақсу қаласында мұқтаж адамдарға құрылысы аяқталмаған пәтерлер сатып алынған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ақсу қаласының прокуратурасы әлеуметтік осал топтарына арналған 24 пәтердің тұрғын үйге жарамсыз күйінде сатып алынғанын анықтады.
Тексеру барысында Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің сатып алған пәтерлері сол кезде әлі толық аяқталмағаны және азаматтардың тұруына дайын болмағаны белгілі болған.
— Құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысының заңсыз әрекеттері нәтижесінде мемлекетке 50 миллион теңгеден астам залал келтірілген. Ақсу қаласының ауданаралық соты аталған лауазымды тұлғаны қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану арқылы ауыр зардаптарға әкелгені үшін екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті, — деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заң бұзушылықтар жойылып, кезекте тұрған азаматтар көптен күткен тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Еске сала кетейік, прокуратура балалар орталығы тәрбиеленушісіне 1,1 млн теңге алимент өндіріп берді.