Ақсу-Жабағылының табиғаты кез келген адамды тамсандырмай қоймайды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Ақсу-Жабағылы — елімізде құрылған тұңғыш қорық. Қазақстанның айрықша аймағы саналатын өңірдегі табиғаттың сұлулығы кез келген адамды тамсандырмай қоймайды.

Ақсу-Жабағы
Фото: Мақсат Шагырбай / Kazinform

Қорық аумағы Түркістан облысының Түлкібас, Төле би, Бәйдібек аудандарымен және Жамбыл облысының Жуалы ауданымен шектеседі. Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатыр. Жалпы жер аумағы — 131934, 3 гектар.

Ақсу-Жабағы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Ең биік тауы — Сайрам шыңы. Ол теңіз деңгейінен 4238 метр биіктікте орналасқан.

Ақсу-Жабағылы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Қазақ халқы бұл тауды Ақтүйе өлген деп атаған. Себебі, таудың көрінісі жансыз жатқан түйеге ұқсайды. Ал, орталығында биік, мұзды Бұғылы төр шыңы бар. Мұнда маралдар көп мекендейді. Сондықтан Бұғылы деп атау берілген. 

Ақсу-Жабағы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Ақсу және Жабағылы өзендері қорық ішінен ағып өтеді. Мұндағы Ақсу өзенінің ұзындығы 120 шақырымға дейін созылып жатыр. Мамыр айында өзендегі су көгілдір түске енсе, жаз айында өзен арнасынан тасып, түсіде сүтке ұқсас ағарады. 

«Кіші Ақсу мен Үлкен Ақсу қосылған жерде терең тік аңғарлар — құз-шатқалдары бар. Жабағылы өзені Ақсудан екі есе қысқа, тар. Саз қоспаларының әсерінен өзеннің суы сары, кейбір кезде қызыл түске енеді. Өзендер бастауын таудағы жылжымалы қалың мұз бен қардан алады. Қорықта 114 мұзтау бар. Сондай-ақ, биікте 27 көл орналасқан. Бұлақтардан су шығып жатыр. Пайдалы қазбалар да көп», — дейді қорық директоры Сахит Қынтаев.

Ақсу-Жабағылы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Қорық аумағының ауа-райы шұғыл континентті болып келеді. Яғни, қысы суық, қары қалың, жазы ыстық. Жауын-шашын да көп түседі. Таулы өңірде биіктікке байланысты ауа райы өзгеріп отырады. 100 метр көтерілген сайын ауа температурасы орта есеппен 0,6 градусқа төмендейді. 

Ақсу-Жабағылы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Қорықтың табиғи мұрасы — жануарлар әлемі. Мұнда өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарлардың бай қазынасы сақталған. Құстың 299, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қосмекенділердің 3 түрі мекендейді.

құстар
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның 2124 түрі бар. Тянь-Шань қоңыр аюы, қар барысы, Түркістан сілеусіні, Үнді жайрасы, Орта Азия тас сусары, арқар, марал, елік, тауешкі, қасқыр, түлкі, қабан, борсық, ақкіс, қарсақ секілді жануарлар көп.

Тянь-Шань қоныр аюы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Ал, құстардан бүркіт, сақалтай, көкқұс, жұртшы, қара ләйлек, жыланжегіш қыран, ителгі, үкі, бөдене, ақтамақты бұлбұл, жасылтұлжық, сарғалдақ сұлукеш, үлкен түркептер, қызыл телпекті құнақ және тағы басқа да түрлерін кездестіруге болады.

Үкі
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform
құстар
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Өсімдіктер әлемінде де мақтана айтарлық қор жинақталған. Атап айтар болсақ, мүктің 63, қынаның 63-тен астам, балдырдың-64, саңырауқұлақтың 235, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі өседі. Соның ішінде бұтаның 62 түрі, ағаштың 17 түрі кездеседі.

кабан
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

«Мұнда бүкіл Қазақстандағы өсімдік құрамының төрттен бірі бар. Көбі жемшөп, дәрiлiк, техникалық, эфир майлы, сәндiк өсiмдiк ретiнде белгiлi. Оның 48 түрі Қызыл кітапқа енген», — дейді Сахит Қынтаев.

Сондай-ақ, қорықта Грейг және Кауфман қызғалдақтары, Сиверс алмасы, Көкшіл шиқылдақ, Регель Рафидофитоны, Северцов унгерниясы, Түркістан гүлкекіресі, Қара арша, Балғын арша, Жалған бөденешөп, Кавказ таудағаны, ұзынша бөріқарақат, иісті киікоті, кәдімгі мыңжапырақ және тағы басқа да өсімдік түрлері бар.

Ақсу-Жабағылы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

«Қорық — Қазақ АКСР халықтық комиссарларының кеңестік ережелері негізінде 1926 жылы 14-шілдеде құрылды. Оған қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың қосқан үлесі көп. Ал, тұңғыш директоры — табиғаттың шынайы жанашыры Борис Петрович Тризна болды. Бүгінде қорық қызметкерлері өсімдіктер мен жануарлар әлемін, ондағы табиғаттың қайталанбас сұлу жерлерін қорғап, қаз-қалпында сақтап, болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру мақсатында тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп келеді», — деп атап өтті қорық директоры. 

Ақсу-Жабағылы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Қазіргі кезде қорықта туризм саласы өте жақсы дамып келеді. Әлемнің әр елінен келетін туристер көп. Атап айтқанда, Ресей, Қытай, Индия, Малайзия, Жапония, Германия, Голландия, АҚШ, Англия, Франция тағы басқа әлем елдерінен қызығушылық танытып келіп жатқан туристер саны жыл сайын артуда.

Келген туристерге жаяу, атпен және көлікпен қызмет көрсетіледі. Гид белгілі бекітілген маршруттар бойынша экскурсия ұйымдастырады.

Ақсу-Жабағылы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Қорық аумағында «Талдыбұлақ», «Жетімсай» және «Байбарақ» экскурсия сүрлеулері және «Кіші Қайыңды аңғары — Кіші Қайыңды асуы», «Кіші Қайыңды аңғары — Үлкен Қайыңды аңғары», «Үлкен Қайыңды аңғары — Бойдақсай аңғары — Қызөлгенкөл көлі- Қасқабұлақ шұңқыры», «Үлкен Қайыңды аңғары — Үлкен Қайыңды аңғары — Үлкен Қайыңды асуы», «Ақсу өзенінің шатқалы — Ақсу өзеніндегі көпір», «Ақсу өзеніндегі жартас — Таяқсалды аңғары», «Көксай сайы — Көксай көлдері» бойынша туристік бағыттар бар.

Ақсу-Жабағылы
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар