16:13, 19 Наурыз 2013 | GMT +5
Ақсуат ауылының тұрғындары Наурыз мерекесін тойлады - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінің Жақыпбек Махамбетов атындағы ауыл тұрғындары Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті.

Ауылда 4 киіз үй, 400 адамға дәм татуға арналған шатыр тігілді. Мерекелік думанға барша ауыл тұрғындары белсенділікпен қатысып, ұлық мерекенің жоғарғы деңгейде өткізілуіне атсалысты.
Наурыз баланың тілегімен, Қыдыр атаның батасынан басталған мерекелік шара, әжелердің шашу шашып, ауылдағы көшелер арасында беташар, бесік салар, тұсаукесер сынды ұлттық дәстүрді дәріптейтін жоралғылармен жалғасты.
Мерекелік шараны жүн түткен әжелердің жарысы қыздыра түсті. Мұнан өзге, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.
Шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ауыл тұрғындарына арналған құттықтауын жеткізіп, ауылдың өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкер азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.