Ақсуда мейрамхана өртеніп, тұрғын үй жарыла жаздады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимарат ішінен екі газ баллонын алып шыққан. Осылайша мейрамхана орналасқан көпқабатты тұрғын үйде ықтимал жарылыстың алдын алды.

Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ақсу қаласында бес қабатты тұрғын үйде орналасқан мейрамханада өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер дереу жалынды сөндіруге кірісті. Құтқарушылар ас үйге кіргенде көлемі 50 литр болатын екі газ баллонын тапқан. Оларды бірден далаға алып шықты. Осылайша көпқабатты тұрғын үйде болуы мүмкін жарылыстың алдын алды», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Өрт кезінде мейрамханада ешкім болмаған. Зардап шеккендер жоқ. Жалын 10 шаршы метрді шарпыған.
Еске сала кетейік, Павлодарда жер үй өртеніп, 40 жастағы ер адам көз жұмды.