Ақсудағы жалған құрылыс пен қағаз жүзіндегі интернет үшін 560 млн теңге жұмсалған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Прокурорлар лауазымды тұлғалардың мемлекетке жарты миллиард теңгеден астам залал келтірген сыбайлас жемқорлық схемаларын әшкереледі.

— Ақпараттандыруды дамыту өңірлік орталығына жүргізілген тексеру барысында жеткізушілерге нақты көрсетілмеген қызметтер үшін бюджет қаражаты есебінен 110 млн теңге заңсыз төленгені анықталды.
Атап айтқанда, ауылдық жерлерде қоғамдық интернетке қосылу мен жер және сәулет салаларындағы процестерді цифрландыру тек «қағаз жүзінде» жүзеге асырылған.
Әлеуметтік тұрғын үй құрылысы аясында Ақсу қаласында жоқ тауарлар мен жұмыс үшін мердігерге 450 млн теңге төлеуге мүмкіндік берген қылмыстық айла-шарғылар әшкереленді. Салдарынан құрылыс ұзаққа созылып кеткен, — делінген Павлодар облысы прокуратурасының хабарламасында.
Мемлекет мүддесіне қарсы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың маңыздылығын ескере отырып, тергеуді арнайы прокурорлар жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Айта кетелік Таразда 147 мұғалімнің еңбек құқығы бұзылғаны анықталып, өтемақы төленген еді.