Ақсудағы жаңа қазандық биыл да іске қосылмауы мүмкін
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ақсу қаласында құрылысы 2017 жылы қолға алынған жаңа қазандықтың жыры әлі күнге аяқталған жоқ. Энергетикалық нысан бірнеше жылдан бері іске қосыла алмай тұр.
Мамандар бар кілтипан әу баста жіберілген инженерлік шешімдерде дейді. Энергетика саласының иісі мұрнына бармайтындардың сызған сызбалары мемлекеттік сараптамадан қалай өтіп кеткені таңғалдырады. Нысан алдағы қысқа тағы дайын болмай шығатын түрі бар. Құрылысына 11 млрд теңге жұмсалған энергетикалық нысан 2019 жылы пайдалануға берілуге тиіс-тін.
Ақсу қаласындағы жаңа қазандық жуық уақытта жұмыс істеп кететініне Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та күмәнмен қарап отыр. Соңғы техникалық аудит нәтижесінде жобалаушылар суды химиялық дайындау цехын қарастырмағаны белгілі болған.
- Қазандықты тамыз айында тағы да сынақтан өткіземіз. Алайда оның жұмыс істеп кететініне күмәнім бар. Біз техникалық аудитті аяқтадық, қазандық жобасында төрт жағдай қате жасалған. Ең әуелі, жаңа қазандықтың резервтік электр қуаты жоқ. Екінші мәселе - ол ауызсумен жұмыс істейді, яғни техникалық су қарастырылмаған. Ал ауызсу химиялық дайындықты талап етеді, бірақ мұндай цех жоқ. Бұл 2017–2018 жылдардағы жобалау қателіктері болған. Мердігер соған орай жобаны түзетуді, құнын өсіруді және қосымша қаражат бөлуді сұрап отыр. Бірақ біз мұнымен келіспейміз, жобалаушыларды жауапкершілікке тарту керек деп есептейміз. Қазіргі уақытта бұл бойынша сот талқылаулары жүріп жатыр. Негізгі проблемалық аспекті - дәл осы су дайындайтын цехтың жоқтығы. Ол өте қымбат тұрады, яғни құны 1 миллиард теңгеден асып кететіні анық. Ал өзге мәселелерді шешуге болады, - деп атап өтті өңір басшысы.
Бұған дейін Ақсудағы жаңа қазандық іске қосылса, жылу тарифі 2,5 есе өсіп кетуі ықтимал екенін жазғанбыз.