Ақсуға жаяу бармақ болған - Полицей үсіп қала жаздаған адамды құтқарды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Түнгі уақытта жолсыз даламен төтелей тартқан жаяу жүргіншіні учаскелік инспектор құтқарып қалған. Ер адам жедел жәрдем қызметіне аман-есен тапсырылды.

полицей
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

Ақсу қаласының учаскелік полицейі Рамазан Сағындықов түн ортасында облыс орталығынан Ақсу кентіне жаяу шығып кеткен тұрғынның өмірін сақтап қалды.

«WhatsApp чатына Павлодардан кентке бет алған ер азамат жайында хабарлама түсті. Мен бірден оның алдынан шықтым. Ол жолда келе жатқанда туысына телефон шалып, өзінің адасып кеткенін айтқан. Мен әпкесінен нөмірін алып, хабарластым да, оны жолсыз даладан іздей бастадым. Аздап ішкені бар екен. Күш-қуаты таусылып, қатты тоңып қалған, тіпті қар үстіне жатып ұйықтап кете жаздаған. Оны дер уақытында тауып алдым», - дейді Р.Сағындықов.

Учаскелік инспектор кент тұрғынын әуелі полиция пунктіне жеткізген, содан соң жедел жәрдем қызметіне тапсырды.

Құтқарылған азаматтың сөзінше, ол кентке баратын жолдан түсіп, төтемен тартып кеткен. Сөйтіп бағдарын жоғалтып, адасқан.

Еске сала кетейік, бұған дейін павлодарлық полицейлер тұрғылықты жері жоқ 13 адамды үсіп қалудан сақтады.

Соңғы жаңалықтар