18:08, 07 Шілде 2016 | GMT +5
Ақтаста жоғалған 2 бала Қарағандыдан табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында күні кеше Ақтас ауылынан жоғалып кеткен кәмелеттік жасқа толмаған 2бала табылды. Бұл туралы Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жедел іздестіру шаралары барысында Саран қалалық ІІБ-нің криминалдық полиция қызметкерлері Ақтас ауылының екі кәмелетке толмаған балаларын Қарағандыдан тапты», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.
Балалардың үйден кетіп қалу себебі мен олардың Қарағанды қаласына қалай жеткендігі әзірше белгісіз. «Мұның барлығы да анықталатын болады», - деді баспасөз қызметінің жетекшісі.
Бұған дейін хабарланғандай, 6 шілде күні Қарағанды облысына қарасты Ақтас ауылынан 10 және 11 жастағы екі бала жоғалып кеткен болатын. Олар түс ауа үйлерінің ауласынан шығып кетіп, қайтып оралмаған. Балаларды іздеу жұмыстарымен полиция қызметкерлерімен қатар еріктілер де айналысты.