Ақтау әуежайы халықаралық конкурстың жеңімпазы атанды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ТМД елдері авиация басшылары мен қауымдастық басқармасы мүшелерінен құралған қоғамдық кеңестің ұйғарымымен ТМД елдерінің 20 әуежайы арасынан «ТМД елдерінің серпінді дамып келе жатқан әуежайы» аталымы бойынша Ақтау әуежайы жеңімпаз деп танылды.
Конкурстың мақсаты жоғары өндірістік көрсеткішке жеткен, азаматтық авиацияның дамуына айтарлықтай үлес қосқан әуежайларды мадақтау, жұртшылыққа кеңінен насихаттау, патриоттық һәм кәсіби мақтаныш сезімін арттыру, әуежайларда оңтайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру болып табылады.
«Әуежайлардың қызметін бағалау үшін қойылған талаптарда үздік әуежайдың ТМД елдерінің жолаушылар тасымалы көлемі бойынша жылына 500 мыңнан астамы жолаушысы болуы тиіс. Ақтау әуежайы авиатасымалы көлемі бойынша Қазақстанда Алматы, Астана қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. 2008 жылы 474 мың жолаушыға қызмет көрсетілді.ТМД-ның үздігі атануда біздің осы жетістіктеріміз ескерілді», - дейді «Халықаралық Ақтау әуежайы» АҚ басқарма директоры У. Әжмолдаев.
Қазіргі күнде Ақтау әуежайында ұшу-қону алаңы толық жаңғыртудан өткізілген, ал жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталуға жақын.