Ақтау гарнизонында бойы 2 метр сарбаз әскери борышын өтеп жүр

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау гарнизонында бойы 2 метр 8 см сарбаз әскери борышын өтеп жүр. Денис Балюк - Маңғыстау облысында осы шақырылымдағы бойы ең ұзын сарбаз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасына 1 ай бұрын қабылданған Денис Балюк - Қостанайдың тумасы.

Оның бойы - 2 метр 8 сантиметр, аяқ киім өлшемі - 49. Жасы – 20-да.

«Теңіз жаяу әскерлері бригадасына борышымды өтеуге өзім ниет білдірдім. Бойшаң болғаныма ешқашан өкінген емеспін. Бала кезімнен өзімнің ірілігімді байқадым. Мектепте де, колледжде де ең ұзыны болдым. Енді, міне әскерде де ерекшеленіп, бірден көзге түсіп жүрмін», - дейді Денис Балюк.

Денис әзірше әскердің тәртібі мен талабын үйреніп жүр. Жас сарбаз екі аптадан кейін ғана әскери ант қабылдайды.

Ең ұзын әскери қызметші үшін киім-кешек тапсырыс бойынша тігіліп, арнайы аяқ киім де әкелінді.

Ол бойының ұзындығы әскери ортада еш ыңғайсыздық тудырмайтынын, керісінше спорттық нормативтерді орындау, жауынгерлік дайындық кезінде пайдасын тигізетінін айтты.

Денис баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерімен шұғылданады.

«Дениске арнайы жаңа форма тігілді. Аяқ киімге байланысты мәселе туындады. Оны шештік. Қажетті мөлшердегі береттерді алдық», - дейді Ақтау гарнизоны жас сарбаздар батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Алимарод Исраилов.

Айта кетейік, былтыр бойы 2 метр 3 сантиметр Азат Мұхамедов те Ақтауда әскери борышын өтеп еді.


Соңғы жаңалықтар