08:20, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтау гарнизонында Үйлестіру алқасының кеңейтілген отырысы өтті
АҚТАУ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ -Кеше ҚР ҰҚК ШҚ «Батыс» аймақтық басқармасының ғимаратында Ақтау гарнизонының әскери басқарма органдары мен құқық қорғау органы әскерилерінің Үйлестіру алқасының кеңейтілген отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жиынның күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Алдымен гарнизонның Үйлестіру алқасының құрамындағы өзгерістер туралы болса, екінші Ақтау гарнизонында 2008 жылы орын алған қылмыстық және құқықтық тәртіп ахуалы жайында сөз болды. Басқосудың соңғы мәселесі бойынша тұрғын үй саласындағы құқықтық қатынастарда туындайтын проблемалар қаралды.«Бұған дейін Үйлестіру алқасының құрамында 9 әскери мекеменің басшылары бар еді. Биылдан бастап қатарымызға ҚР ҰҚК ШҚ Жағалау күзеті аймақтық басқармасының бастығы қосылды. Естеріңізде болса, бұл басқарма өткен жылдың қараша айында құрылған болатын. Оның әскери бөлімшелері Ақтау және Атырау қалаларында орналасқан. Теңіздің биоресурстарын қорғау үшін жұмылдырылатын жағалау күзеті басқармасының бүгінде 9 кемесі, 22 катері бар», - дейді Ақтау гарнизонының әскери прокуроры, әділет майоры Д.Жұмаділов.