Ақтау қаласының прокурорына айыппұл салынды

АҚТАУ. KAZINFORM – Апелляция бірінші сатыдағы соттың ұсақ бұзақылық ісі бойынша қаулысының күшін жойды.

Ақтау қаласының прокурорына айыппұл салынды
Фото: gov.kz

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ерболат Әбдіровке қатысты Ақтау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысын апелляциялық тәртіппен қайта қараған.

Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың Әбдіровтің кінәсіздігі туралы тұжырымдары негізсіз екенін анықтады. Апелляциялық қарау барысында 2025 жылдың 27 тамызында сағат 23:00-де ол Алматы–Астана бағыты бойынша КС-955 рейсіне жолаушыларды тасымалдаған автобуста адамдарға қорлап тиіскені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны расталған.

Оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, куәгерлердің айғақтарымен, полиция қызметкерлерінің актілері және баянаттарымен дәлелденді.

- Қарау нәтижесінде алқа Ә.-нің ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігімен көзделген ұсақ бұзақылық жасағанын анықтады. Осыған байланысты, бірінші сатыдағы сот қаулысы заңсыз әрі негізсіз деп танылып, жойылды, өйткені сот істің дәлелдемелерін толық көлемде зерттемеген және тиісті құқықтық баға бермеген. Нәтижесінде Ә. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 78 640 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, - делінген хабарламада.

Бұған дейін, мас күйінде тәртіп бұзды деп айыпталған прокурор ақталып шыққан болатын.

Одан кейін, Ақтау прокуроры қызметінен уақытша шеттетілді.

Соңғы жаңалықтар