Ақтау қаласы әкімінің орынбасарына қатысты сот үкімі шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтау қалалық сотымен Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы М.Нысанбаевқа, Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі А.Аменовке, Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясының бас маманы К.Саналиевке , Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ю.Диррге, «Абай атындағы мәдени-демалыс кешені» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының бас есепшісі А.Азанға қатысты қылмыстық іс қаралып, аяқталды.
None
None

Бұл туралы Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Сотпен анықталғандай, М.Нысанбаев пен А.Аменовтің жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адамдар бола тұра, Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясының бас маманы К.Саналиев және мамандар Н.Нұров пен Р.Бағыттан тексеру тобын құрып, Ақтау қаласы әкімдігінің жедел басқару құқындағы «Абай мәдениет үйіне» қаржылық тексеру жүргізуді тапсырған. Тексеру қорытындыларына сай мекеменің бір қатар қаржы шаруашылық нысандарында заң талаптарының бұзылғандығы анықталып, мекеме басшылығының және бас есепшінің әкімшілік және басқа да жауапкершілікке тартылу мүмкіншілігі туындаған. 8 желтоқсан 2015 жылы  К.Саналиев осы бақылау актінің жобасын алдын ала мақұлдау ойымен тексеру комиссиясының мүшесі А.Аменовке қолма-қол беріп, соңғысы аталған актпен танысып оны мақұлдаған. Содан кейін М.Нысанбаев пен А.Аменов  бақылау актісінің жобасында көрсетілген бұзушылықтарды біле тұра, «Абай мәдениет үйі» бұрынғы директоры Ю.В.Диррге және бас есепшісі А.Азанға көмектескісі, яғни артықшылықтар мен пайда келтіру мақсатында, бақылау актісінде көрсетілген кейбір бұзушылықтарды көрсетпеу жөнінде К.Саналиевке тікелей тапсырма берген.

Сотталушы К.Саналиев мемлекеттік лауазымды атқаратын адам бола тұра, өзінің лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, заңсыз жолмен пайда табу мақсатында «Абай мәдениет үйі» ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алу және құрылыс жұмыстарына қаржының орынды жұмсалуын тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жасыру жолымен «Абай мәдениет үйі» бұрынғы директоры Ю.В.Диррден және бас есепші А.Азаннан 2 000 000 теңге қаражатты пара ретінде алуды ойластырып, А.Азанға жоғарыда көрсетілген сомманы дайындау туралы заңсыз нұсқау берген. К.Саналиев тексеру комиссиясының мүшесі А.Аменовтің және төрағасы М.Нысанбаевтың заңсыз нұсқауын орындап, актіде көрсетілген қаржылық заң бұзушылықтарды алып тастап, бұл кемшіліктер көрсетілмеген жаңа акт жасақтап, оған мамандар Н.Нұров пен Р.Бағытқа қол қойдырған. Сосын К.Саналиев қайта жасақталған тексеру актісін «Абай мәдениет үйінің» бас есепшісі А.Азанға беріп, пара ретінде 2 000 000 теңге дайындауды тапсырған. 2015 жылы 19 желтоқсанда К.Саналиев пара ретіндегі 2 000 000 теңгенің бас есепші А.Азанда екендігін телефон арқылы біліп, оны алып, үйіне апарған кезде ұсталған.

Сотталушы Ю.Дирр бұрын, яғни «Абай мәдениет үйіне» күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өзі оның бас директоры болып жұмыс жасағандықтан, өз тарапынан жіберілген заң бұзушылықтар әшкереленіп қалғандықтан, 14 желтоқсан 2015 жылы  Ақтау қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып жүріп, яғни мемлекеттік қызметкер ретінде өзінің қылығы дұрыс еместігін түсіне тұра және атқарып отырған қызметінен шеттетуіне әкеп соғу мүмкін екенін ескеріп, Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы М.Нысанбаев пен комиссия мүшесі А.Аменовтен бақылау актісінен кейбір бұзушылықтарды алып тастау жөнінде өтініш жасап, 2015 жылдың 14 және 18 желтоқсанында делдал арқылы пара беру мақсатында екі бөліп «Абай мәдениет үйінің» бас есепшісі А.Азанға барлығы 2 000 000 теңге, пара ретінде дайындалған қаражатты берген. А.Азан өз кезегінде ол ақшаны К.Саналиевке берген.

Сотталушы А.Азан «Абай мәдениет үйінің» бас бухгалтері қызметін атқарып жүріп, өзінің іс-әрекетінің дұрыс еместігін біле тұра, парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушыға және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге немесе оны iске асыруға ықпал ету мақсатында, Ақтау қаласындағы «Қан орталығының» алдында Ю.Диррден алған 2 000 000 теңгені тексеру комиссиясының бас маманы К.Саналиевке пара ретінде берген. Одан кейін, К.Саналиев құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен ұсталған. 

Ақтау қалалық сотының 27 маусым 2016 жылғы үкімімен М.У. Нысанбаев ҚК-нің 361-бабы 3-бөлігімен (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) кінәлі деп танылып, оған жеке меншігі болып табылатын барлық мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметпен айналысу құқынан айыра отырып, 2 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, 4 242 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.

А.И.Аменов ҚК-нің  361-бабының 3-бөлігімен (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, оның жеке меншігі болып табылатын барлық мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылсын, жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге деп белгіленген.

К.Ж.Саналиев ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігімен (пара алу) кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-нің 55-бабы қолданылып, жеке меншігі болып табылатын барлық мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметпен айналысу құқынан айыра отырып, параның 5 еселенген сомасы мөлшерінде 10 000 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.

Ю.В.Дирр ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігімен (пара беру) кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-нің 55-бабы қолданылып, өмір бойына мемлекеттік қызметпен айналысу құқынан айыра отырып, параның 5 еселенген сомасы мөлшерінде 10 000 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.

А.Т.Азан ҚК-нің 368-бабының 1-бөлігімен (парақорлыққа делдал болу) кінәлі деп танылып, бухгалтерия саласындағы қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын колония-қоныста  өтеуге деп белгіленген.

 ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігіне сай, яғни асырауында кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты, А.Т.Азан  жөніндегі үкімнің жаза өтеу бөлігінің орындалуы 6 айға кейінге қалдырылған.

А.Т.Азан ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі- 367-бабының 2- бөлігімен көзделген қылмысты жасауда кінәсіз деп танылып, оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының  болмауына байланысты ақталған.

Сонымен қатар, Маңғыстау облыстық маслихат хатшысының назарын аудару үшін осы қылмыстық іс бойынша орын алған  кемшіліктерді  алдағы уақытта болдырмау  мақсатында  жекеше қаулылар шығарылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар