Ақтау қаласында 200 оқушы «Жас Ұлан» қатарына қабылданды

Оларды Ақтау қалалық мәслихатының хатшысы М. Молдағұлов, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Р. Елтизаров, Ақтау қалалық білім бөлімінің бастығы Ы. Имамбаева, мектеп директорлары мен ата-аналар құттықтап, табыс тіледі.
«Бүгін оқушыларды республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдаудың үшінші кезеңі өтуде. Бұған дейін желтоқсан айында қала мектептерінен 200 оқушыны ұйымға қабылдаған болатынбыз. Олардың арасында спортшылар, оқу озаттары, шығармашыл жастар бар», - дейді Ақтау қалалық білім бөлімінің бастығы Ырыскүл Имамбаева.
Салтанатты рәсімге сахнаға өнерімен, білімімен республикаға танылған оқушылар шақырылды. «Жас Ұлан» ұйымының нышаны - ел байрағы түстес көк галстуктерді байлау қаламыздың танымал азаматтарына тапсырылды.
«6 шілде - «Жас Ұланның» туған күні. Соған дейін қала бойынша ұйымға 7 000 оқушы қабылданады деп жоспарланды. 6 шілде күні де оқушыларды ұйымға қабылдау шарасы өтеді. Мені оқушылардың белсенділігі қуантады. Оқушылар үлкен жауапкершілікпен қарап жүр», - деді Ырыскүл Имамбаева.
Мойындарына көк галстук байлап, «Ұлан» атанған бүлдіршіндер үздік оқып, еліне адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Айта кетерлігі, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы өткен жылы 6 шілдеде құрылған болатын. Елбасының жеке бастамасымен ашылған бұл бірлестік бүгінде оқушылар тарапынан қолдау тауып, оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді балалардың басын қосып отыр.
«Жас Ұлан» ұйымына қабылданғаныма өте қуаныштымын. Бұл бізге үлкен жауапкершілік артады. «Жас Ұланға» қабылдана отырып, үлкен белестерден өтіп, еліміздің дамуына үлес қосамын деп үміттенемін. Мен - оқу озатымын. Қазақ тілі және әдебиет пәнінен өткен олимпиадаларда, республикалық ән байқауларында жүлделі орындардан көрініп жүрмін» дейді №15 орта мектеп оқушысы Арайлым Асқарқызы.