Ақтау қаласындағы №23 түзету мекемесінен жаппай қарулы қашу туралы ресми ақпарат

Оқиғаның жай-жапсары:
Шамамен 04 сағат 50 минутте сотталғандардың сыбайластары трансформатор қосалқы станциясын істен шығарып, үш автокөлікпен күтіп тұрды. Осы уақытта ТМ-23 тұрғын жай аумағынан сотталғандардың бір тобы негізгі қоршаудан секіріп өте бастады.
Қашуға әрекеттенуді болдырмау мақсатында №6 бекет күзетшісі, мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Е.Отарбаев жарғыға сәйкес нысанаға тигізу мақсатында қару қолданды. Бұл ретте күзетшіге қатысты да қару қолданылды. Нәтижесінде ол атыс жарақатын алды. Қазіргі уақытта оған операция жасалып, оның денсаулық жағдайы тұрақты қалыпта. Әскери қызметші қарудан атқан кезде, оның ішінде жарақат алғаннан кейін де ату барысында үш сотталғанға оқ тиіп, олар қаза болды. Қарауылдың жарақаттанғанын байқаған қашқындар санаулы минуттерда қоршауды артқа тастап, кейбірі жаяу-жалпылап, кейбірі өздерін күтіп тұрған көліктерге міне сала іздерін жасырмақ болды.
Күзетшілердің дабыл тобы қылмыскерлердің артынан қуып, оқ атқан кезде бір сотталушы жараланып, өзгелері түн қараңғылығын пайдаланып, Құрық ауылындағы құрылысы аяқталмаған ғимарат ішіне барып жасырынды. Сағат 06.00 (Ақтау уақыты) кезінде із кесуші топ пен 6656 әскери бөлімінің қосымша отряды ғимаратты қоршауға алды.
Таңғы сағат 08.50-де тұтқындау тобы ғимаратқа басып кіру кезінде бір қылмыскер ұсталып, 2-уі қаза тауып, 1-і жарақат алды. Оқиға орнын тінту кезінде 1 дана «Маузер» тапаншасы, 1 «Сайга» мылтығы, 1 жарылғыш қалта мен 1 пышақ табылды. ТМ ішін тінту кезінде бұл жерден 1 дана жарылғыш зат салынған қалта мен тыйым салынған аумақтан «Сайга» мылтығы табылды.
Жалпы алғанда, ішкі әскерлер күзет тобының жедел қимылының арқасында 8 сотталушының қашу әрекетіне тосқауыл қойылды. Жедел ақпарат бойынша, 13 қылмыскер күтіп тұрған көліктерге мініп, іздерін жасырып үлгерді. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Сөйтіп, күзетші әскери қызметшінің тыңғылықтылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында сотталғандардың жаппай қашу әрекетіне жартылай тосқауыл жасалып, қашып кеткен өзге қылмыскерлерді іздестіруге жағдай жасалып отыр.
Қазіргі күні күзетші ауруханаға жатқызылды, оның денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ.