Ақтау лицейінің түлектері мерекелік кештен бас тартып, қайырымдылыққа қаражат бөлді
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтаулық мектеп түлектері мерекелік кештің орнына қайырымдылықты таңдады.

Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT лицейінің 11-сынып түлектері биылғы аттестат тапсыру салтанатын тек сән-салтанатпен емес, игі іспен есте қалдырды. 97 бітіруші сәнді киімдер мен мерекелік атрибуттарға жұмсалатын шығыннан саналы түрде бас тартып, жиналған қаражатты ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсететін «Періште» орталығына аударды.

Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығының мәліметінше «Сенің бес минутың — біреудің бүкіл өмірі» атты қайырымдылық акциясы оқушылардың бастамасымен қолға алынып, ата-аналар мен ұстаздар тарапынан толық қолдау тапқан. Бұл қадам — жас түлектердің азаматтық жауапкершілігі мен әлеуметтік сезімталдығының көрінісі.
— Жиналған қаражат аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға қолдау көрсететін қорға аударылды. Бұл қаражат балалардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесетін арнайы бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Бұл — жай ғана бір реттік қайырымдылық емес. Лицей түлектері бұл әрекетті өзгелерге үлгі боларлық бастама, жаңа челлендж ретінде ұсынады. Олар әрбір мектеп бітіруші қуанышты сәтін жақсылықпен бөлісу арқылы қоғамға оң өзгеріс әкелуге ықпал ете алатынына сенімді, — делінген хабарламада.

Айта кетелік елде түлектер кешіне қанша қаржы жұмсалатыны туралы жазған едік.