Ақтау портының түбін тереңдету жұмысын бастау керек – сенатор

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетіне соңғы жылдары Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі елеулі проблемаға айналды. Сенатор Сүйіндік Алдашев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында бұл мәселе порттардың жұмысына және олардың тиімділігіне теріс әсер ететінін атап өтті.

Сүйіндік Алдашев
Фото: senate.parlam.kz

- Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету» жобасы Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген және құны 42 млрд теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құны 20 млрд теңге құрайтын жоба 2025 жылы басталуы тиіс. Алайда, қазіргі кезде бұл бағытта жұмыстың атқарылуына қаражат көзі қаралмағаны анықталып отыр. Бұл өз кезегінде жобаның уақытында іске аспай қалуына әсерін тигізіп отыр», - деді С. Алдашев.

Сенатордың айтуынша, қаржыландырудың болмауы елімізге стратегиялық маңызды жобаны жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін. Қауіпсіз навигацияны қамтамасыз ету, жүк ағынын арттыру және маршруттағы кедергілерді жою үшін түбін тереңдету қажет. Бұл шаралар атқарылмаса, Транскаспий маршрутының тұрақтылығына қауіп төнеді, ал Қазақстанның транзиттік әлеуеті жүзеге аспай қалады.

- Жоғарыда айтылған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Ақтау порты акваториясы теңіз түбін тереңдетудің бірінші кезеңі жұмыстарын уақытында атқару мақсатында жобаны қаржыландыруға қаражат бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз. Бұл өз кезегінде еліміздің көлік логистикалық әлеуетін арттыру бағытында зор мүмкіндік береді деп сенеміз, - деді депутат.

Еске салсақ, Ақтауда ТМД-да теңдесі жоқ әуе хабын құру жоспарланып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар