19:45, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтау прокурорлары заңсыз жеке балабақшаларды анықтады
АҚТАУ. Ақпанның 12-cі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақтау прокурорлары қаланың мектепке дейінгі мекемелерінде ҚР «Лицензиялау туралы» Заңның қолданысын тексеру барысында заңсыз қызмет етіп жатқан 2 балабақшаны анықтады. Бұл туралы Ақтау қаласының прокуроры Болат Челикенов БАҚ журналистері үшін өткізген брифингте мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгінде Ақтауда мемлекеттік лицензияның негізінде 19 балабақша қызмет етеді. Ал прокурорлық тексеру барысында бұдан басқа мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеумен айналысатын Ақтау қаласы 8-ші ш/а, 20-шы үй, 31-ші пәтер мекенжайы бойынша «Аққайың» және 14-ші ш/а, 3-ші үй, 1-ші пәтер мекенжайы бойынша «НТО Крылья Ангела» ЖШС балабақшалары қызмет ететіні және соңғы балабақшаның бір жылдан аса уақыт заңсыз жұмыс істегені анықталды. Бұл балабақшалар ҚР Үкіметінің 02.06.2007 жылғы № 452 «Білім беру қызметіне қойылатын лицензиялау ережесі мен оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» қаулысының талаптарын және ҚР «Халықтың санитарлық эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» Заңының талаптарын бұза отырып жұмыс істеген. Ақтау қалалық санитарлық-эпедимиологиялық қадағалау басқармасы мамандарының тексеру актілеріне сәйкес, заңсыз балабақшаларда санитарлық нормалар мен ережелер талаптары бұзылған.Тексеру кезінде, «Ақ кайың» балабақшасында ыстық және салқын судың жоқтығы, электр розеткаларының балаларға қауіпті жерлерде орналасқандығы, балалар тамақтанатын азық-түлік пен ойыншықтардың қауіпсіздігін растайтын сертификаттардың жоқтығы, бөлме температурасының арнайы ережемен бекітілген температураға сай келмеуі, сондай-ақ қызметкерлердің медициналық кітапшаларының болмауы сияқты заң бұзушылықтар анықталды. Ал «Періште қанаты» ЖШС-і балабақшасында оған кіретін бөлек есіктің, балалардың арнайы киім салатын жиhаздарының, балалар тамақтанатын азық-түлік және ойыншықтардың қауіпсіздігін растайтын сертификаттардың, тазалайтын және дезинфекциялайтын заттардың жоқтығы және ас мәзірлерінің тәртіптері сақталмағандығы мәлім болды.