Ақтау сапаржайы құрылысының жобасы концессиялық жобалар тізіміне енгізілді

Жуырда байқау өткізілетін болады. Жобаның жалпы құны - 4 млрд. 795 млн.теңге. 13 млн. теңгеге жуық қаражат техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеуге және түзетуге жұмсалды.
«Ақтау қаласы сапаржайының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді және бекітілді, Қазақстандық мемлекеттік-жеке серіктестік орталығының экономикалық сараптамасының оң қорытындысы алынды» - деп баяндады Маңғыстау облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Насреддин Қожырбаев.
Сапаржайдың аудандық автостансаларының және орталықтандырылған диспетчер қызметінің болмауы Маңғыстауда жолаушылар және жүк тасымалдау саласынынң дамуын тежейді.
Өткен жылы автомобиль көлігімен 81 мыңнан астам жолаушы тасымалданды, бұл 2011 жылға қарағанда 19 пайызға жоғары. Жолаушылар айналымы 4022,3 миллион жолаушы-шақырымды құрады.
Сапаржай құрылысын салу мәселесі осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген болатын, алайда ол қаржыландыру мәселелеріне байланысты шешімін таппады. Қазір, халық үшін өркенниетті жағдай жасау әрі облыс және республика бойынша автотасымалдау саласын дамыту үшін билік орындары бұл жобаны концессия арқылы іске асыруды шешті. Облыстық қаржы басқармасы концессиялық байқау жариялау үшін құжаттар дайындап жатыр. Аудандарда сапаржайлар құрылысын салуға қатысты бірегей әзірленген эскиздік жоба ұсынылады. Үлкен шатыры бар 50 орындық автостансаның 75 шаршы метрге жуық күту залы, диспетчер кабинеті, бала мен анаға арналған бөлмесі, буфеті, әжетханасы, сақтау камерасы болуы тиіс. Автостансаның бас жоспары бойынша 5000 шаршы метр алаңдағы жер телімі беріледі. Олар Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау және Қарақия аудандарында салынбақ. Аудан әкімдіктері аталмыш объектілерді іске асыруды бақылауға міндетті.
Ақтау қаласындағы сапаржай үшін қаладан шығар жерде 4,28 гектар алаңы бар жер телімі бөлінеді.