Ақтау теңіз порты контейнерлерді ауыстырып тиеу бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Каспий
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM – Биыл мамыр айында Ақтау теңіз портында контейнерлерді ауыстырып тиеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде 5,1 мыңнан астам жиырма футтық эквивалентті құрайтын контейнерлер ауыстырып тиелді. Ал, былтыр мамырда бұл көрсеткіш 2,6 мың жиырма футтық эквивалентті құрады. 5,1 мың жиырма футтық эквивалент - порт тарихындағы рекордтық көрсеткіш. 

Контейнерлік тасымалдар әсіресе, Қытай халық республикасынан Еуропа елдеріне Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2 есеге өскен. Жүк тасымалдаушылардың басым бөлігі тауарларын Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша қайта бағыттаған. 

Жүк тасымалы
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

– Яғни, қазіргі таңда аталған бағыттың әлеуеті жоғары. Басты артықшылықтары – жүктерді жеткізу мерзімі мен оның Суэц каналына қарағанда жүріп өтетін жолының қауіпсіздігінде, - дейді теңіз портының бас диспетчері Вадим Новиков. 

Жалпы биыл портта жыл басынан бері 15,8 мыңнан астам жиырма футтық эквивалент контейнер тиелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артық. Контейнерлердің басым бөлігі Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалданды. 

Каспий
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Ақтау теңіз портында контейнерлік жүктерді ауыстырып тиеуді одан әрі дамыту үшін, тамыз айында бірқатар заманауи техникалар іске қосылады. Олар жалпы және үйінді жүктерге арналған жүк көтергіштер мен порталдық крандар. 

Соңғы жаңалықтар