Ақтау теңіз сауда портына халықаралық мәртебе берілді
Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Ақтау теңіз сауда портына халықаралық маңызы бар теңіз порты мәртебесін беру туралы» Үкімет қаулысына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақтау теңіз сауда портына халықаралық маңызы бар теңіз порты мәртебесі берілсін. Қазақстан Республикасы Көлік, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын», - делінген Премьер-Министр қол қойған қаулыда.
Құжат қол қойған күннен, яғни 21 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Бұған дейін хабарлғанымыздай, аталған бастама еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту мақсатында қолға алынды.
«Жоба Мемлекет басшысының жаңа геосаяси жағдайларда Қазақстан Республикасының көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселесі туралы 2022 жылғы 5 шілдедегі кеңестің қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Осы жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», - деп түсіндірме берілген қаулыға.
Еске салайық, 2018 жылдың қыркүйегіне дейін Ақтау теңіз сауда порты халықаралық мәртебеге ие болды. Кейін Үкімет қаулысымен ол алынып тасталды.