Ақтау түбіндегі ұшақ апатының алдын ала себептері келесі аптада айтылады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау түбіндегі ұшақ апатының алдын ала себептері келесі аптада айтылатынын мәлім етті.
— Қазір тексеру жүріп жатыр. Көлік министрлігі жанынан құрылған арнайы топ бар. Оның ішінде біздің де сапаршылар, Ресей тарапының, Бразилияның мамандары, ICAO тарапынан Нидерланд елінің бір өкілі. Қазір «қара жәшіктің» дыбыс деректерін қарап жатыр. Ұшақтың режимдерін қарап оларды сәйкестендіреді. Әрине, ол біраз жұмыс. Өйткені оны дәлелдеу үшін тексеру жасайды. Олардың дауысы ма, басқа дауыс па деген сияқты. Қай минутта, қай секундта кім не айтқанын, кімнің қандай пәрмен бергенін зерттейді, — деді ол Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ICAO-ның стандарты бойынша әуе апатының алдын ала себептері бір айдың ішінде жариялануы керек.
— Осы мәселелердің бәрін келесі аптада бітіреді деп ойлаймын. Аяқтайтын сияқты. ICAO-ның талаптарына сәйкес бір айдың ішінде алдын ала қорытындыларды жариялау керек. Сол ұсынымдарға сүйенсек, келесі аптада біздің жауапты министрлік тиісті ақпаратты береді, — деді Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын.
Бортта 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалды.
Бұған дейін ҚазАқпарат Бразилия Әскери-әуе күштерінің Әуе апаттарын зерттеу орталығының (Cenipa) мамандары AZAL әуе компаниясының апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының қара жәшігін талдауға кіріскенін хабарлаған болатын.
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев ҚазАқпарат тілшісіне әуе апатын тергеудің алдын ала қорытындысы қашан белгілі болатынын айтты.
30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) оқиғаны жан-жақты және бейтарап тергеуге шақырды.
Жақында ҚР Көлік министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады.