10:33, 29 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Ақтау тұрғыны мұнай компаниясына жұмысқа орналастыруға уәде беріп, екі жігіттен 3 млн теңге алған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция деректеріне сәйкес Маңғыстау ауданы ІІБ-ға алаяқтыққа қатысты өтінішпен Тұщықұдық ауылының 26 жастағы тұрғыны жүгінді.

Айтуынша, танысы оны «Қазмұнайгаз» компаниясына орналастырамын деп, қызметіне бір жарым миллион теңге алған. Танысының қолына ақша түскеннен бастап, ол телефонды көтермей қойған.
Осы уақытта дәл сондай өтінішпен полицияға Маңғыстау ауданының 25 жастағы тұрғыны жүгінді. Ол да танысына аталмыш мекемеге орналасу үшін 1 жарым миллион берген. Кейіннен оның алдап кеткенін түсініп, полицияға жүгінген.
Аталмыш факті бойынша күдікті Ақтау 28 шағынауданының тұрғыны ұсталды. Алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды lada.kz.