Ақтау — түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау Түрікменстанның Анау қаласынан эстафета қабылдады. Бұл туралы Ашхабадта өткен ТҮРКСОЙ Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымға мүше мемлекеттердің 41-ші отырысында мәлім болды. Шарада маңғыстаулық делегация Анау қаласынан «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін қабылдап алды.

Биыл Түрікменстанның Анау қаласы жыл бойы түркітілдес ағайындыларды қабылдап, кинофестивальдар, көрмелер, ғылыми конференциялар, жастар форумдарын қоса алғанда, түрлі халықаралық іс-шаралар өткізген.

Енді бұл миссия Ақтау қаласына жүктелді. Маңғыстаудың орталығы Ақтауда да сондай іс-шаралар жоспарланған. Оған қоса, ақындар айтысы, суретшілер мен мүсіншілер симпозиумы, қолөнершілер фестивалі, тарихи-ғылыми конференциялар өткізіледі. Сондай-ақ, Ақтауда түркі әлемінің ұлы ғалымдарының өмірі мен еңбектеріне арналған кездесулер және басқа да маңызды танымдық іс-шаралар өткізу көзделген.
«Ақтау — Түркі әлемінің мәдени астанасы» мерейлі жылы аясындағы шаралар 2025 жылдың наурыз айында басталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін бала туу көрсеткіші бойынша Түркістан мен Маңғыстау облысы, Шымкент қаласы көш бастағанын жазған болатынбыз.