Ақтау Жеңіс күнін атап өтуде

Жеңіс мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысы бойынша мәдени шаралар көптеп өткізілді.
Ақтау қалалық мәслихатының шешімімен Ұлы Отан соғысының ардагерлері Жомарт Мұсабаев, Мәкеш Қонғанбаева, Валентина Токареваларға олардың тұрған үйлерінің алдына мемориалды тақта орнатылды.
Мұнан басқа, соғыс жылдары бала оқытып, тауқіметті күндердің куәгері болған ұлағатты ұстаз Фазия Жалмұқановаға «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
«Біз қазір жыл сайын саны азайып бара жатқан майдангер қарттарымызды құрметтеп, өскелең ұрпаққа олардың ерліктерін паш етуге тиіспіз, бейбіт күніміздің бағасына олардың қосқан үлестерін ұмытпақ емеспіз. Осы орайда облысымыздағы барлық майдангер қарттарға 100 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табыс етеміз»,- деді Ақтау қалалық мәслихатының хатшысы Марат Молдағұлов.
Қазір Ақтау қаласында 78 соғыс және тыл ардагері бар.