Ақтауда 14 жасар бала теңізге батып кетті
АҚТАУ. KAZINFORM – Қайғылы оқиға кеше кешкісін 9 А шағын аудан аумағындағы Каспий теңізінің жағалауда болған.

2011 жылы туған 2 жасөспірім суға батып кете жаздаған. Оларды демалушылар байқап, судан шығарған. Алайда, жеткіншектердің бірі оқиға орнында қаза тапты. Екінші бала ауруханаға жеткізілген.
- Өкінішке қарай, 14 жастағы бала суға кетіп қалды. Балалар суға түсуге болмайтын, яғни жабдықталмаған жерде шомылған. Өздеріңіз білетіндей, Каспий теңізінің тартылуына байланысты, жағалауда тастақ жерлер көбейді.
Қазіргі таңда облыс аумағында суға түсуге болмайтын әрі жабдықталмаған 10 орын бергіленді. Сол жерлерде біздің қызметкерлер жұмыс істейді. Сонда да тұрғындар өздері сақ болу керек. Балаларға жаз маусымында рұқсат етілмеген жерлерге суға түспеуге кеңес беремін, - дейді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерлан Сұлтанмұратов.
Дәрігерлердің айтуынша, екінші жасөспірім облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты.
Бұған дейін, Маңғыстаулық маман аймақта су тапшылығын болдырмаудың жолдарын айтқан болатын.