Ақтауда 2015 жылы 5 балабақша ашылады
Өткен жылы қаладағы 4-ші шағыауданда 280 орынға шақталған 1 мемлекеттік балабақша, сондай-ақ 834 орындық 5 жекеменшік балабақша мен 85 орындық «Бәйтерек» шағын орталығы ашылған. Соның нәтижесінде қалада мектепке дейінгі оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі 12 мыңнан астам бала қамтылды. Бұл 80,2%-ды құрайды. Ағымдағы жылы тағы 1400 орындық мектепке дейінгі мекемелер ашылмақ. «Мектеп жасына дейінгі балаларды толық қамту үшін 2020 жылға дейінгі жоспар әзірленді, оған сәйкес 2015 жылы №32 (әділет департаменті ғимараты, 12 шағынаудан), №12 (салық департаменті ғимараты, 4 шағынаудан), №15 (облыстық арнаулы мектеп-интернат ғимараты, 6 шағынаудан), №52 (балалар үйі ғимараты, 14 шағынаудан) және №55 (облыстық білім басқармасы ғимараты, 13 шағынаудан) балабақшалардың ғимараттары қайтарылып алынады», - деді Ақтау қ. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Ада Ким. 2015 жылдың бірінші тоқсанында қаланың 29-шы шағынауданында жаңа балабақша пайдалануға берілмек. Сондай-ақ ағымдағы жылы 33-ші шағынаудан аумағында үш балабақша ашылады. Қыркүйек айында қайтарылып алынған №32 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады, оған 291,5 млн. теңге бөлінген. Барлық 5 балабақшаның әрқайсысы 280 орындық. Қазіргі сәтте қалада кезекте 16 660 бала тұр. Жаңа балабақшалардың ашылуы олардың 89,6%-ын қамтиды. Бүгінде Ақтауда 62 мектепке дейінгі мекеме қызмет етуде, оның 29-ы - мемлекеттік, 19-ы жекеменшік балабақша және 14-і шағын орталық болып табылады.