Ақтауда 203 шақырым инженерлік желі иесіз қалған: апат болса, жөндеу қиындайды

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласының жоғарғы шағын аудандарында ұзындығы 203,1 шақырым инженерлік желі коммуналдық меншікке берілмеген. Соның салдарынан апат болған жағдайда жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру қиындық тудыруда.

Ақтауда 203 шақырым инженерлік желі иесіз қалған: апат болса, жөндеу қиындайды
Фото: Kazinform/ЖИ

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Кейбір құрылыс компаниялары көпқабатты тұрғын үйлерді салып, пайдалануға бергенімен, оларды қамтамасыз ететін инженерлік желілерді құзырлы мекемелерге өткізбеген.

Осылайша, коммуникациялар нақты жауапты ұйымға бекітілмей қалған. Сондықтан апат болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жедел ұйымдастыру қиындық туғызып отыр. Ал тұрғындар инженерлік желілердің ақауынан зардап шегіп, қызмет көрсету сапасына шағымданады.

Алайда, коммуналдық кәсіпорындар желілер өз балансында болмаса да, ақауларды жою үшін оқиға орнына барып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл олардың жұмысына қосымша салмақ түсіріп, бюджет қаражатын жұмсауды қажет етеді.

Қала әкімдігі мәселені шешу үшін арнайы жиын өткізіп, инженерлік желілерді коммуналдық меншікке қабылдау жөнінде жауапты ұйымдарға тапсырма берген. Сонымен қатар құрылыс компанияларынан құжаттарды жергілікті атқарушы органға өткізу рәсімін жеңілдету жолдары қарастырылып жатыр.

— Құжаттар рәсімделгеннен кейін инженерлік желілер тиісті коммуналдық кәсіпорындардың балансына беріледі. Бұл әр учаскеге жауапты ұйымды бекітіп, желілерді күтіп ұстау, жөндеу және апаттарды жедел жою жұмыстарын жүйелеуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Бұған дейін, Маңғыстауда мәйітті ашпай зерттеуге мүмкіндік беретін технология енгізіліп жатқанын жазған едік.