Ақтауда 75 орындық жеке балабақша ашылды

Шығыс-2 шағынауданында 276 үй бар, онда мемлекеттік балабақша жоқ. Кәсіпкер Г.Х.Оразбаева («АлиханиКО» ЖК) «Даму» қорына өзінің ауданы 521 шаршыметрлік екіқабатты үйінде балабақша ашу идеясымен жүгінген болатын. Стартап-жобаны «Ресей Жинақ банкі» АҚ еншілес кәсіпорны қаржыландырды, кәсіпкер жылдық 14 пайызбен 5 жылға 15 млн. теңге мөлшерінде несие алды. Бұл қаржының басым бөлігі (10 млн. теңге) сапалы ресейлік жиһаз және қажетті жабдықтар сатып алуға жұмсалды.
Балабақша 1,5-3 жастардағы балаларға арналған, онда ойын бөлмесі және ұйықтайтын бөлмелер, бөлек санитарлық торап және кірме есігі бар. Олардан үлкенірек екі топ екінші қабатта орналасады, сыртта әр топқа арналған бөлек ойын алаңдары жасалған. Сондай-ақ балабақшадағы цокольдық қабатта ағылшын, қазақ тілдерін, арифметика мен сауат ашу сабақтарына арналған бөлмелер, акт және жаттығу залдары қарастырылған.
«Балабақша ашуға өзімнің жеке кепілдік қаражатым жетпейтін болды. Мен кепілдің 30 пайызын төледім, қалған 70 пайызына «Даму» қоры кепілдік берді, бұл мемлекеттің нақты көмегі болды. Мен балабақша ашуға қажетті несиеге ие болдым. Сондай-ақ жылдық 14 пайыз өсімнің жартысын мемлекет өз мойнына алды», - деп атап өтті Гүлзира Оразбаева.
Г.Оразбаева қазан айында «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша оқудан өтпек, бұл оған Германияда тегін тағлымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі күні балабақшада тәрбиелену құны айына 35 мың теңгені құрайды, бірақ та кәсіпкер әйел «Балапан» мемлекеттік бағдарламасына қатыса отырып, ересек топтар үшін оның бағасын 10 мың теңгеге дейін төмендетпек. ҚР Үкіметінің бұдан 5 жыл бұрын бекітілген қаулысымен бұл бағдарлама оған «Ақстау қалалық білім бөлімі» ММ-мен шартқа отырып, әрбір тәрбиеленуші үшін айына 29 мың теңге субсидия алуға жол ашады.
Бүгінде Ақтау қаласында 66 балабақша жұмыс істейді, жаңадан ашылып отырған осы ұйымды қосқанда олардың 24-і - жеке кәсіпорындар.