Ақтауда алып бала дүниеге келді
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда облыстық перинаталдық орталықта салмағы 6 келі 690 грамм алып қыз бала дүниеге келді. Нәресте кесарь тілігі арқылы өмірге келген.
Дәрігерлердің мәліметінше, сәбидің анасының жүктілігіне диабет, ауыр преэклампсия мен семіздік сияқты аурулар әсер еткен. Бұл аурулар баланың дамуына, соның ішінде салмағына да ықпал етуі мүмкін.
Қазір ана мен сәбидің жағдайы тұрақты, олар дәрігерлердің бақылауында.
Медицина қызметкерлері жүктілікке алдын ала дайындалып, уақтылы тексерілу керегін айтады. Әсіресе созылмалы аурулары бар әйелдер үшін бұл өте маңызды.
— Жүктілікті жоспарлап, алдын ала тексеруден өтіп, болашақ ана үшін барынша қолайлы жағдай жасау өте маңызды. Бұл ана мен баланың денсаулығына қатысты қауіптерді азайтуға көмектеседі, — дейді перинаталдық орталықтың мамандары.

Дәрігерлердің айтуынша, үлкен салмақпен туған балаларда кейбір метаболикалық ауытқу болуы мүмкін. Олардың қатарында артық салмақ пен инсулинге төзімділік қаупі бар. Алайда дұрыс бақылау мен салауатты өмір салтын сақтау арқылы денсаулықты сақтауға болады.
Бқған дейін, Маңғыстауда салмағы 7 келіге жуық алып бала дүниеге келген болатын.
Қызылордада да салмағы 6,5 келі алып бала дүниеге келді.