Ақтауда «Алтын сақа» ұлттық ойыны бойынша турнир өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл ойын Ақтауда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Көзмергендік пен ептілікті қажет ететін бұл шараға жас шамасы әр түрлі 94 ойыншы қатысты.
«Асық ату» ұлттық ойынының шарты бойынша алдымен жерге диаметрі 1,5-2 метр шеңбер сызылды. Оның ортасына ойынға қатысушылар санына орай арнайы жолақ белгіленіп, асықтар тізіліп, сол шеңберден 2-5 метр жердегі сызылған межеден ойыншылар тізілген асықтарды көздеп, дәл тигізуге тырысты.
Өскелең ұрпаққа ұлттық салт дәстүрімізді насихаттайтын ерекше бастаманы жергілікті орыс тілді апталық басылымы «Лада» газеті ұйымдастырды. Басылымның бас редакторы Светлана Эшметованың айтуынша, ұлттық өнерге қашанда қолдау қажет, бұл ойынды өткізудегі мақсат - қазіргі кезде қала баласына жат болып бара жатқан асық ойынын жаңғырту, насихаттау.
Турнир қорытындысы бойынша 1-ші орынға Мұратбек Шадкам лайық деп танылып, оған соңғы үлгідегі плазмалық теледидар сыйға тартылды. Онан кейінгі жүлде иелеріне ноутбук пен ұялы телефондар табыс етілді.
Аталмыш ойынды облыс басшысы Қырымбек Көшербаев пен оның орынбасары Жауымбай Қараев тамашалап, лебіздерін білдірді.