Ақтауда әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды
АҚТАУ. KAZINFORM — ТЖМ министрі Шыңғыс Әрінов Каспий теңізінің жағалауында жаңа өрт сөндіру-құтқару бөлімінің ашылуына қатысты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі жариялады.
— Біз заманауи тәсілдерді қолданамыз. Мұндай нысандар әртүрлі өңірлерде салынып жатыр. Жаңа депо небәрі екі жарым айда салынды. Биыл Маңғыстау облысында тағы бір депо мен 7 өрт сөндіру бекетінің құрылысын аяқтаймыз, — деді Шыңғыс Әрінов.
Іс-шара барысында министр өрт-құтқару техникасының кілттерін табыстап, бөлім бастығына символикалық кілтті тапсырды.
— Жаңа депо жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынды. Ғимаратта жеке құрамға арналған үй-жайлар, оқу сыныптары, асхана, жабдық сақтау аймақтары мен техникаға арналған бокс, сондай-ақ «Batyr team» workout алаңы қарастырылған. Бөлімше жалпы саны шамамен 40 мың адам тұратын Ақтаудың төменгі, Приморский шағын аудандарына, Өмірзақ ауылына, өнеркәсіптік аймақтар мен жағалаудағы аумақтарға қызмет көрсететін болады, — делінген ақпаратта.
Өрт сөндірушілермен қатар мұнда құтқарушылар да қызмет атқаратынын атап өту керек. Бұл түрлі төтенше жағдайларға жылдам ден қою мүмкіндігін қамтамасыз ететін болады.
Бұған дейін Түркістанда кәсіпкерлердің қолдауымен өрт сөндіру бекеті ашылған болатын.