Ақтауда әуе кеңістігінің қорғаушылары Отанға адал болуға серт берді
АҚТАУ. KAZINFORM – Көктемде әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына келген 190-нан астам сарбаз салтанатты жағдайда әскери ант қабылдады.

Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан шақырылған жас сарбаздар бір ай ішінде алғашқы әскери дайындықтан өтіп, жалпыәскери жарғыларды, саптық және атыс даярлығының негіздерін меңгерді.
Олар командирлерінің, Қарулы күштер ардагерлерінің, сарбаз аналары комитеті өкілдерінің, туған-туыстары мен жақындарының алдында ант беріп, Отанды қорғауға әрдайым дайын әрі антқа адал болуға серт берді.
Салтанатты рәсім бөлімше Жауынгерлік туының шығарылуымен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының орындалуымен басталды.
– Сіздер үлкен ынтамен жаттығып, әскери істің негіздерін меңгердіңіздер. Бүгін мыңдаған адамның алдында ержүрек әрі батыл болуға, қызметтің қиындығына төтеп беруге, нағыз Отан қорғаушы болуға серт бердіңіздер. Сіздерге мықты денсаулық пен сәтті қызмет тілеймін, - деп жас сарбаздарды осы маңызды оқиғамен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының командирі полковник Марат Құдабаев құттықтады.
Сарбаздарға жылы лебізін ата-аналар да білдірді. Отбасылар атынан сөз сөйлеген Олеся Полоз сарбаздарға төзімділік, батылдық пен рухани күш тіледі.
Ресми бөлім аяқталған соң, жас жауынгерлер өздерінің машықтарын көрсетті. Олар қол күресі элементтерін, саптық жүріс пен қарумен жұмыс істеу тәсілдерін көрсетті. Сарбаздардың өнері ата-аналарға нағыз тосынсый болды. Олар ұлдарының дайындығының жоғары деңгейіне куә болды.
Іс-шара соңында командалық құрам туыстармен кездесу өткізіп, олардың барлық сұрағына жауап берді және байланыс үшін қажетті ақпаратты ұсынды. Бұл күні жас сарбаздарға алғашқы қысқа мерзімді демалыс берілді.
Енді олар Батыс Қазақстан өңірінің әуе шебін күзету үшін қызмет ету орындарына аттанады. Сарбаздар Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы бөлімдерге, сондай-ақ Бейнеу кентіне, Жаңаөзен және Форт-Шевченко қалаларына бөлінеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада «Жас сарбаз» ұйымының үздік жас тәрбиеленушілері анықталатынын жазған едік.