Ақтауда автобус жүргізушілері неліктен желіге шықпағанын айтты

АҚТАУ. KAZINFORM – Бүгін Ақтауда қоғамдық көліктердің жүргізушілері наразылықтарын білдіріп, жұмысқа шықпай қалды. Олар жалақыны көтеріп, жұмыста жағдай жасауды, әлеуметтік қолдау көрсетуді сұрайды. 

Ақтауда автобус жүргізушілері неліктен желіге шықпағанын айтты
Фото: Видеодан алынған скрин

Автобус жүргізушілерінің айтуынша, оларға күніне 23 мың теңге төленеді.

Ал, басқа өңірлерде 37-43 мың теңге аралығында төлейді.

Сонымен қатар, 2 күн жұмыс істеп, 2 күн демалудың орнына оларға 10 күн қатарынан жұмыс істеуге тура келуде. 

- Талабымыз – күніне 40-45 мың теңге берсе, халыққа қызмет жасауға дайынбыз.

Басшылықтың өтінішімен біздер 10 күнге дейін жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші қиындығымыз осы – шаршау. 

Екіншісі - асығыстық. Уақыт қойылады, қанша шаршап жүрсең де сол уақытқа жетуің керек.

Кешіксең тұрғындар да айқай шығарады, - дейді автобус жүргізушісі Бауыржан Жұманиязов. 

Ақтауда автобус жүргізушілері неліктен желіге шықпағанын айтты
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Жүргізушілер демалмассыз жұмыс істеудің салдарынан, жол көлік апаттары болып жатқанын айтады. 

- 10 күн жұмыс істеген жігіт ұйықтап кетіп, жол көлік апатын жасады. Жүргізуші жетпейді, амал жоқ, шығасың денің сау болғасын. Артыңда қымбатшылық қысып тұр, ақша керек, шаршағаныңа қарамай автобус жүргізесің. Соны көтере алмай апат жасап жүргендер көп, - дейді Бауыржан Жұманиязов.

Жүргізушілердің айтуынша, оларда түскі ас ішетін де уақыт жоқ. Наразылықтарын білдіруге нөмірі 1, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 3 және қала - аудан аралық автобустардың жүргізушілері жиналды. 

- Таңғы 5-те үйлерінен шығып, гаражға келеді, содан кейін түнгі сағат 22-ге дейін жүреді. Келісімшартта жұмыс уақыты таңғы 6-дан кешкі 18-30 ға дейін деп көрсетілген. Жол-көлік апаттарының көбі содан, ұйықтап кететіні бар, түскі үзіліс жоқ. Уақытқа үлгер дейді. Қазір Қазақстан бойынша жылдамдықты сағатына 50 шақырымға түсіріп қойды ғой. Мен саяжайда жолаушы тасимын, о шеті мен бұ шетіне 53 минут беріп тұр. Сағатына 50 шақырыммен қалай үлгересің? Оған қоса, қазір кондукторды алып тастады. Бәрі сапасыз қызметке әкеледі, - дейді қоғамдық көлік жүргізушісі Итемген Жетеков.

Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, мәселенің мән-жайын анықтау және шешу бойынша, әкімдік тарапынан жедел жұмыс тобы құрылып, оқиға орнына барған. 

- Автобус жүргізішілері тарапынан жалақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту, тамақтану, тынығу уақыттарын ұзарту т.с.с. мәселелер көтерілді. Жұмыс тобы өкілдері мен жұмыс беруші тарапынан қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мәселенің шешу жолдары қарастырылатындығы айтылды, - делінген хабарламада.

Екіжақты келіссөздер нәтижесінде автобустар сағат 11.00-де штаттық режимде маршрут желісіне қосылған. 

Бұған дейін, Ақтауда қоғамдық көліктер жүрмей жатқаны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар