Ақтауда әйелді өлтіріп, 3 млн теңгесін ұрлаған қылмыскер ұсталды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда әйел адамды өлтіріп, 3 миллион теңгесін ұрлаған қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ақтауда әйелді өлтіріп, 3 млн теңгесін ұрлаған қылмыскер ұсталды

Бұған дейін Ақтаудағы тұрғын үйлердің бірінен әйел адамның мәйіті табылғанын жазған едік.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, қанды оқиғаны тергеп-тексеру барысында қаза тапқан әйелдің «Kaspi Gold» картасынан үш миллион теңге сомасындағы қаражаты жоғалғандығы анықталған.


Жедел-іздестіру шаралары барысында Түпқараған ауданындағы Таушық ауылында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады.

Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Тінту кезінде полицейлер одан 2 миллион 500 мың теңге ақша қаражатын тәркіледі.

Күдікті Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды.