Ақтауда балықтан уланып, ауруханаға түскен 9 жастағы баланың туыстары көмек сұрады
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда балықтан уланып, ауыр жағдайда ауруханаға түскен 9 жастағы баланың туыстары Астанадан бейінді мамандар шақырып, қажет болған жағдайда науқасты санитарлық авиациямен елордаға жеткізу мәселесін қарастыруды сұрады.
Туыстарының айтуынша, Бекарыс Қанатбайдың жағдайы бірнеше күннен бері ауыр. Олар 22 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына бейнеүндеу жолдаған. Отбасы баланы мамандардың офлайн қарап, консилиум өткізуін сұрайды.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Әлия Ешімованың мәліметінше, бала 19 қыркүйек күні кешке ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. Оған ауыр дәрежедегі ботулизм диагнозы қойылып, инфекциялық-токсикалық шок жағдайында түскен. Бала ес-түссіз болғандықтан, жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Қазір оған қажетті ем жүргізіліп, ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.
— Баланың жағдайы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисті және бас реаниматологының қатысуымен күн сайын телемедицина арқылы бақылауда. Сонымен қатар республикалық орталықтан реаниматолог пен инфекционист мамандарын Ақтауға шақырту туралы шешім қабылданды. Мамандар бүгін келуге тиіс, — дейді дәрігер.
Алдын ала мәлімет бойынша, бала 18 қыркүйек күні ата-анасымен қонақта болған. Сол жерде үй жағдайында дайындалған ысталған, консервіленген балық жеген. Келесі күні Мұнайлы аудандық ауруханасына жүгініп, кейін облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Еске салайық, бұған дейін Басқұдық ауылында үй жағдайында дайындалған ысталған балықты тұтынған үш ересек пен 9 жастағы бала ботулизм белгілерімен ауруханаға жатқызылған болатын. Барлық науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп, ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.
Мамандар ботулизмнің шұғыл медициналық көмекті қажет ететін аса қауіпті ауру екенін ескертеді. Ауру көбіне дұрыс дайындалмаған немесе сақталу талаптары бұзылған консервіленген өнімдерден, оның ішінде балықтан жұғуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда балықтан уланған төрт адам жансақтау бөліміне түскенін жазғанбыз.